Спорт

“Үміт” клубының спортшылары Азия чемпионатында 12 медаль жеңіп алды

Жергілікті “Үміт” клубының спортшылары Иран елінде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында жеңіл атлетикадан өткен Азия чемпионатына қатысып қайтты. Жерлестеріміз құр оралған жоқ. Спортшылар 12 бірдей медальді қанжығаларына байлады. Соның 5-еуі – алтын, 5-еуі – күміс, 2-еуі – қола. Жеңімпаздарды жора-жолдас, туған-туыстары мен әріптестері құшақ жая қарсы алды.

СТАНИСЛАВ ФОЛЕНВЕЙДЕР, СҚО жеңіл атлетикадан есту қабілеті бұзылған спортшылардың аға жаттықтырушысы:

– Жарысқа әйелдер командасы да, ерлер командасы да қатысты. Біз өте жақсы нәтиже көрсеттік деп ойлаймын. Әсіресе, қыздар ерекшеленді. 100 метрге жүгіруде Анастасия Соловьева алтын иеленді. 400 метрге жүгіруде София Колосова да алтын медаль жеңіп алды. Негізі, спортшылар бірнеше қашықтыққа жүгірді. Ерлер арасында кейбіреуі күміс алқаға қол жеткізді.

Тегеран қаласында бір апта бойы өткен дүбірлі додаға барлығы – 8 мемлекеттің спортшылары қатысқан. Жаттықтырушылардың айтуынша, олар дүбірлі додаға 1 жыл көлемінде дайындалған.

РУСТАМ ШОКЕЕВ, «Үміт» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының жаттықтырушысы:

– Қыздардың да, жігіттердің де дайындықтары жоғары деңгейде өтті. Соның жемісін көрдік. Ел құрамасының әйелдер командасы 2-ші орын алып, ерлер 4-ші орынға тұрақтады. Осы ретте біздің қосқан үлесіміз көп. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге тырысамыз.

Шілде айында Тайландта әлем чемпионаты өтеді. Спортшылар енді соған дайындалады.

 

Мәдина Қаби