Қоғам

Уәлиханов ауданында рекордтық ақшаға құрылыс жұмысы жүргізілуде

Қайрат Пішенбаев көктайғаққа қарамай сонау Кішкенекөлден Петропавлға келіп, брифинг өткізген әкім ретінде журналистердің жадында біраз сақталады. Уәлиханов ауданының басшысы ауыл шаруашылығы саласына мықтап көңіл бөлінген айтты. Биыл мұндағы іскер жандар 117 дана жаңа техника сатып алыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп екен.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру шеңберінде 2024 жылға ауысумен жалпы сомасы 11 млрд теңгеге 3 тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүргізілуде. Шетелден 3824 бас асыл тұқымды ірі қара мал сатып алу жоспарлануда. 28 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Облыс орталығынан ең шеткері орналасқан ауданның даму қарқыны төмен деп айтуға келмейді. Ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлікпен қатар, құрылыста алға жылжу бар. Биыл рекордтық ақшаға жұмыс басталыпты.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Құрылыс жұмыстарының көлемі 2,8 млрд теңгеге орындалды. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9 есе артық болып отыр. Облыс әкімінің қолдауының арқасында биыл біздің ауданымызда үлкен құрылыс жұмыстары жүзеге асырыла бастады. Ол үшін аудан тарихындағы рекордтық қаражат – 7,6 млрд теңге бөлінді.

Өкінішке қарай, Уәлиханов ауданында медициналық кадр тапшылығы сезіледі. Бұл мәселені шешу үшін Кішкенекөлде “Дәрігерлер үйі” салынбақ. Шекараның шетіндегі аудан халқы қыста емін-еркін қатынауы тиіс. Бұған Қайрат Пішенбаев ерекше назар аударылғанын айтты.

ҚАЙРАТ ПІШЕНБАЕВ, Уәлиханов ауданының әкімі:

– Қыста жолдардың барлығы тазаланып отырады. Жауапты мердігер тағайындалды. Мәселе бақылауда болады.

Сұрақ-жауап сессиясындағы сауалдар ауыз суға, жарыққа қатысты болды. Брифингіде мобильді ұялы байланыс пен интернет жайлы да айтылды. Жыл соңына дейін заман игілігі Жасқайрат ауылына жетеді. Осылайша, ауданда мобильді ұялы байланыс пен интернеті жоқ 7 елді мекен қалады.

 

Байболат Құлтанов