Ауыл шаруашылығы

Ауылдық округ тұрғындарының бәрі тиісті пай үлесін алған

Бұл – Аққайың ауданындағы Тоқшын ауылдық округі. Мұнда 2 мыңнан астам адам тұрады. Олардың 70% жуығы тұрақты түрде пай үлесін алады.

БОРАНБАЙ ИМАНТАЕВ, Тоқшын ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы:

– Бізде «Көк бөрі» шаруа қожалығы 1000 келіден пай береді. Ал «Лидер» фермерлік қожалығы 1050 келіден таратады. «Токуши Grain», «Крафт Агро» және «Мадина-Агро» сынды серіктестіктерде көрсеткіш 700 кг құрайды. Өткен жылы әр құрылыммен әлеуметтік келісімге келдік. Құжатта пай үлесінің көлемі нақты жазылған. Келісім мерзімі жерді жалға алу уақыты аяқталғанша дейін жалғасады.

Ауылдық округтегі агроқұрылымдардың барлығы тиісті талапты сақтайды. Мұны тұрғындар да айтып отыр.

ВЛАДИМИР МОХ, Тоқшын ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Мен пайды Виктор Мамаевтан аламын. 12 жыл бойы үздіксіз беріп келеді. Бірде-бір мәселе туындаған жоқ. Отбасым 4 адамнан тұрады. Әрқайсымыздың пай үлесіміз бар. Биыл 1 тонна 50 келі алдық. Мал азығы орақ науқаны аяқталғанда емес, бастала сала таратылады.

САУЛЕ ОМАРОВА, Тоқшын ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Жыл сайын 4 пай үлесін аламын. Мал азығы әрқашан құрғақ ауа райында таратылады. Биыл 800 келі тиді. Көңіліміз толып отыр.

НАТАЛЬЯ КОВАЛЕВА, Тоқшын ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Өткен жылы 1 адамға 700 келіден арпа алдық. Менің 4 пай үлесім бар. Менің отбасыма берілетін өнім жетеді. Негізінен құстарға шашамын. Биыл астық қоспасын алуды жөн көрдік.

ЛЮБОВЬ БОКАРЕВА, Тоқшын ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

– Пайды тұрақты түрде аламыз. Балаларымның да үлестері бар. Бұл тұрғыда мәселе туындаған емес. Жылда жақсы әрі құрғақ астық таратылады. Бізге одан артық не керек? Өзім қазір мал ұстамаймын. Пайымды ауылдастарға сатамын.

Ауылдастарының айтқанымен Ольга Олейник толық келіседі. Азаматша – дәрігерлік амбулаторияның фельдшері. Нысан іші жайлы, жылы. Бірнеше жыл бұрын күрделі жөндеу жасалыпты.

ОЛЬГА ОЛЕЙНИК, Тоқшын ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның фельдшері, Аққайың ауданы:

– Біздің жанұяда мен ғана пай аламын. Үлесімді Қасқырбаев иелік ететін құрылым өкілдері жылда береді. Бермеу немесе кешіктіру деген есімде жоқ. Көлемге келсем, 1 тонна мал азығы таратылады. Мұнша пай беретін саусақпен санарлық басшы бар шығар.

Тоқшын ауылдық округіндегі әлеуметтік жауапкершілігі жоғары серіктестіктердің бірі – «Крафт-Агро». «Мадина-Агро» да мақтауға лайық.

АЛЕКСЕЙ КОНОНЕЦ, «Крафт-Агро», «Мадина-Агро» ЖШС директорының орынбасары, Аққайың ауданы:

– Бүгінгі таңда біз арнайы келісім аясында жұмыс істейміз. Екі серіктестікте 482 жарнашы тіркелген. Әрқайсысына 700 келіден пай таратылады. Биыл астық қоспасын үлестіруді жөн көрдік. Бұл – бидай мен арпа. Бұдан бөлек, ауыл тұрғындарына шөппен, жем қалдығымен көмектесеміз. Ағымдағы жылы халықтың өтініші бойынша алқапта сабан қалдырдық. Ешкім назарсыз қалмайды. Ал ауылға, мектепке әлеуметтік тұрғыда жәрдем береміз.

Қазіргі таңда Тоқшын мектеп-гимназиясында 274 бала білім алады. Соңғы бірнеше жылдың ішінде ауылдық округке 15 отбасы қоныс аударыпты.

 

Байболат Құлтанов