Қоғам

Тимирязев ауданының әкімі есеп берді

Тимирязевтықтар аудан әкімі Ерлан Жаровқа сенім білдіреді. Қарашаның басында өткен сайлауға тоқталайық. Саяси додада атқамінер айқын басымдықпен жеңіске жетіп, орнын сақтап қалды. Демек, халықтың көңілінен шыққан жұмыстар бар. Соңғы тындырған істің бірі – Ақжан ауылындағы жағдайдың тұрақталуы. Мұнда еңбеккерлер бас көтерді. Олар төмен жалақы төленіп жатқанын желі арқылы жариялады. Қазір мәселе шешімін тауыпты.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

– Сайлау өткесін халықпен кездестім. Инвестор шақырылды. Нәтижесінде жұмыс беруші жауапқа тартылды.

Агроқұрылым басшысы өз міндетін толық орындамаған. Сол үшін айыппұл арқалапты. Тимирязев – көлемі жағынан ең кішкентай ауданның бірі. Бірақ, мұндағы жолдардың сапасы сын көтермейді. Қуанышымызға орай, жағдай жақсарып келеді.

ЕРЛАН ЖАРОВ, Тимирязев ауданының әкімі:

– 2022-23 жылдары аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу бойынша 2 жоба жүзеге асырылды. Соның бірі – 19 шақырымды құрайтын “Имим-Ақсуат” аралығындағы жол. Хмельницкое ауылына апаратын және кіреберіс жолды қалыпқа келтіру үшін үшін 295 млн теңгеден аса қаржы бағытталды. Сонымен қатар, Докучаево және Тимирязево елді мекендерінде ішкі көшелер жөнделді.

Қыста бұл жолдарды тазалау – негізгі міндет. Аудан әкімі бұл тұрғыда ешқандай мәселе туындамайтынын мәлімдеді.

 

Байболат Құлтанов