Қоғам

СҚО-да биыл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 2 мыңға жуық факті тіркелген

Жыл басынан бері облыста отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты 1874 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. 500-ге жуық әкімшілік қамауға алынып, 300-ге жуық тұрғынға ескерту айтылған. Ал 6 адамға айыппұл салыныпты. “Өңірде отбасында жасалған қылмыс саны 23 пайызға азайды”,- дейді полиция қызметкерлері. Олардың айтуынша бұған алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде атқару өз ықпалын тигізген.

ӘСИЯ АБЖАНОВ, СҚО ПД ЖПҚБ аға инпекторы:

– Отбасындағы кикілжіңнің негізгі себептері: жұмыссыздық пен маскүнемдік.
Салдарынан адам агрессияға бой алдырып, қатыгездікке жол береді. Содан жақындарына қол жұмсауға дейін барады. Үйде жанжал шығарып, отбасына тыныштық бермеген адам 20 күнге қамауға алынады. Олар үйлеріне қайтқаннан кейін де жиі барып тексеріп отырамыз.

Мамандардың айтуынша қанша жерден күйеуінен азап көріп отырса да отбасы үшін шыдап отырған әйелдер баршылық. Қазақстандық нәзікжандылардың 15 пайызы күйеудің әйелді ұруға құқығы бар деп санайды екен. Бұл – қоғамда жүргізілген зерттеу нәтижесі. СҚО бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Сұрағанова қорлық көрген нәзікжандылар бұны жасырмай, құзырлы органдарға хабарласуы қажет дейді.

СӘУЛЕ СҰРАҒАНОВА, СҚО бойынша балалар, отбасы және әйелдер құқықтары жөніндегі уәкіл:

– Жәбірленушілер сөзден де, істен де қорықпауы қажет. Бүгінде Қазақстанда 41 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, оның 14-і мемлекеттік болып саналады. Біздің облысымызда арнайы «Аналар үйі» баспанасы жұмыс істеп тұр. Мұнда жақындарынан қолдау таппаған әйелдер келеді. Әрқайсысының жағдайы әр түрлі. Орталық мамандары оларға құқықтық, психологиялық және басқа да көмек көрсетеді.

Елде соңғы 4 жылда отбасылық зорлық-зомбылықтан 870-ке жуық адам қаза тауып, 2 мыңнан астам адам түрлі дене жарақатын алған.

 

Гүлден Сембаева