Мереке Мұхамедияров – әзірге есептік кездесуіне ең көп тілші жиған аудан әкімі. Атқамінер бірнеше айдың ішінде Есілдегі мәселелермен түпкілікті танысып, шешу жолдарын пысықтап үлгеріпті. Баяндама оқығасын жан-жақты сұрақтарға қазақ және орыс тілінде кідірмей әрі мүдірмей жауап берді. Александровка-Ильинка-Мектеп ауылдары аралығындағы жолды жөндеу кезінде көпір бұзылыпты. Халық алаңдаулы. Жерлестеріміз көктемде су басуы мүмкін деп базына айтқан.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– Құбырлар қойылды. Халық жұмыс аяқталмайды деп ойлаған еді. Іс тәмамдалды. Көктемде мәселе болмайды. Қыста тазаланып отырады.
Есіл ауданында Амангелді деген ауыл бар. Елді мекендегі мектеп бірнеше жылдан бері жөндеу көрмепті. Ал мұны халық асыға күтіп отырған көрінеді. Олар өтінішті тілшілер арқылы жеткізуді құп көрген.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– Жоба келесі жылға қалдырылды. “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында 127 млн теңге бөлінеді. Бұл ақшаға мектептің шатыры мен терезелері толық ауыстырылады. Қаржы қарастырылып қойылды.
Есіл ауданында дәрігер тапшылығы мәселесі түпкілікті шешілуі мүмкін. Басшылық жоспар әзірлеген. Болашақта жас мамандар баспанамен қамтылатын болады.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– 3 қабатты үй салайын деп жатырмыз. Жартысы дәрігерлерге беріледі. Сонымен қатар, бос тұрған жатақхана жөнделеді.
Өрнек ауылының маңынан қиыршық тас таситын жүк көліктерінің жүруі жол сапасына кері әсер еткенге ұқсайды. Тұрғындар бұған шектеу қойылғанын қалайды.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ, Есіл ауданының әкімі:
– Александровка жағынан жол жөнделіп жатыр. Болашақта арнайы таразы қойылады. Сол бойынша артық жүк анықталады.
Яғни, шамадан тыс жүк артып, жол сапасын бүлдіргендер жазаға тартылады. Петропавл мен Явленка ауылы арасындағы тас жол көптің талқысына түскені айдан анық. Тозығы жеткен трасса жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімінің сөзінше, қазір бұл мәселе қаралып жатыр. Яғни, нақты қашан оң өзгеріс орын алатыны белгісіз.
Байболат Құлтанов