Петропавлда мұғалімдерге арналған үш күндік семинар өтіп жатыр. Дәріс сабақтары оқыту барысында орташа көрсеткішке жетпеген білім ұяларына ыңғайластырылып құрылған. “Өрлеу” мамандарының айтуынша шараға өз білімімен бөлісу мақсатында білікті мамандар, тәжірибесі көп педагогтар шақырылған. Тыңдаушылар өз кезегінде
функционалдық сауаттылыққа бағытталған тапсырмалар орындап, оны саралайды.
Нүрзия Сомкина – Жамбыл ауданындағы Есперлі бастауыш мектебінің мұғалімі.
Оның айтуынша мұндай шаралар ауылдық мектеп мұғалімдерінің білімін арттыруға ықпал етеді.
НҮРЗИЯ СОМКИНА, Есперлі бастауыш мектебінің мұғалімі, Жамбыл ауданы:
– Біз мұғалімдермен өзіміздің іс-тәжірибемізбен бөлісіп, үйреніп жатырмыз. Осы семинардан үйренген білімімізді әрбір оқушыға ұғындыру – біздің міндетіміз. Келешекте осындай семинарлар көп болса, нұр үстіне нұр болатын еді.
Семинарда 4-ші мен 9-шы сынып мұғалімдері қамтылып отыр. Н.Крупская атындағы №10 орта мектебінде Аққайың, Айыртау, Ақжар мен М.Жұмабаев аудандарының педагогтары жиылған.
ЕКАТЕРИНА МАРТЬЯНОВА, Н.К.Крупская атындағы №10 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:
– Берілген материал көлемі ауқымды, дегенмен қабылдауға жеңіл. Өзім үшін біраз пайдалы дүние алдым. Семинардың жас мұғалімдерге ғана емес, тәжірибесі барларға да берері мол. Мәселен, біз оқушылардың математикалық сауаттылығына қатысты тапсырмалар әзірледік.
Мұндай семинар өңірде бірінші рет өтіп жатыр. Бүгін сабақтарға география, физика, орыс тілі және бастауыш сынып мұғалімдері қатыстырылса, ертең ағылшын тілі мұғалімдері келеді. Үшінші күні барлығы оқушының функционалдық сауаттылығын арттыруға қатысты IT-шешімдермен танысады.
Мәдина Қаби