Әскери логистика. Тарихы, жағдайы және даму перспективалары. Бүгін Оқушылар сарайының қабырғасында осындай атаумен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Қазақстан Республикасы ұлттық ұлан академиясының тыл кафедрасының ұйымдастыруымен 30-ға жуық маман жиналды.
ТАИР НАБИЕВ, ҚР ҰҰ әскери академиясы тыл кафедрасының бастығы:
– Тыл кафедрасы ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция әскери логистика және әскери мамандарды оқыту саласындағы күрделі міндеттерді тиімді шешу үшін қажет деп ойлаймын. Шетелдің мамандармен қажетті білім мен тәжірибе алмасамыз. Жиында ұсынылған зерттеулер әскери логистика саласына инновацияларды енгізу әлеуетін анықтауға мүмкіндік бермек.
Конференцияға өңір ғалымдары, жоғары оқу орындарының оқытушылары, студенттері мен әскерилер қатысуда. Сондай-ақ, Ресей, Беларусь пен Өзбекстан елдерінің ғалымдары жиын барысында онлайн түрде қосылмақ. Әскери академияның 4-курс курсанты Нұржан Қорабай конференция тақырыбының өзектілігін айтты.
НҰРЖАН ҚОРАБАЙ, ҚР ҰҰ әскери академиясының 4-курс курсанты:
– Бүгінгі конференция менің мамандығымның негізі туралы деуге болады. Мұндай конференцияға тыңдаушы ретінде жыл сайын қатысып келе жатырмын. Берері көп. Өзім биыл оқуымды аяқтағаннан кейін осы салада әрі қарай жетілгім келеді.
Бүгінгі жиындағы қонақтардың шақырылуы бекер емес. Олар алдағы уақытта іске асырылуы керек бірқатар тәжірибелік шешімдерді талқылады.
Ақжүніс Мұқатай