1 желтоқсан – жүре пайда болған иммун тапшылығының синдромына қарсы дүниежүзілік күрес күні 1988 жылы белгіленді. Маңызды дата қарсаңында Петропавлда арнайы шара ұйымдастырылып отыр. Оған 300 шақты қала жасы шақыртылған. Кештің шымылдығын өнерпаздар ашты.
Бұл шарадан жастар концерт қана тамашаламай, ой түюі керек. Мұны ұйымдастырушылар ескерген. Олар қыз-жігіттердің сауаттылығын арттыру мақсатында жиналғандарға тақырыпқа байланысты сауалдар қойды. Дұрыс жауаптар бойынша жеңімпаздар анықталды.
ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Біз осындай іс-шараны арнайы жастар үшін ұйымдастырып отырмыз. Оларға инфекцияның қандай қауіп әкелетінін ұғындырғымыз келеді.
Қазір мүмкіндік зор. Әр адам өзінің инфекция жұқтырғанын немесе жұқтырмағанын облыстық орталыққа немесе емдеу орындарына барып тексере алады.
РИНАТ ҮЛМЕСОВ, ЖИТС профилактикасы және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығы директорының орынбасары:
– Қазіргі таңда облысымызда СПИД-пен күрес жұмыстары қарқынды түрде жүруде. Қазіргі таңда халықтың СПИД-ке деген ойы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда дамыған.
Сандарды сөйлетейік. Облыста ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың саны 1400-ге жуықтайды. Осы 10 айдың ішінде 116 адам ауру жұқтырған. Олардың 64%-ы – ерлер.
Мәдина Қаби