Аптасына 1 рет 1 жарым сағаттан. Адаммен сөйлесуді, азаматтан өтінішті қабылдауды, құжат толтыруды – бір сөзбен айтқанда мемлекеттік қызметші ретінде жұмыс істеуді үйренеді. Оқыту курсы 5 айдан тұрады. Петропавлдағы жас мемлекеттік қызметшілер мектебінде құжат қабылдау жүріп жатыр. Өтінім жазғандардың арасында бүгін емтихан ұйымдастырылды. Барлығы – 46 адам. Олар эссе жазады, тақырып әр түрлі.
М.Қозыбаев атындағы университеттің 4-ші курс студенті Айша Мұхаммадаминова бүгін бағын сынап көрмекші. Тарих, экономика және құқық факультетінде білім алып жатқан жас болашағын мемлекеттік қызметпен байланыстырмақшы.
АЙША МҰХАММАДАМИНОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ 4-ші курс студенті:
– Жас мемлекеттік қызметші мектебінде біз жас басшының дағдыларын меңгеріп, мемлекеттік қызметтің теориялық және практикалық негіздерін меңгере аламыз. Бұл мектеп бізге көптеген мүмкіндіктер мен қосымша білім береді.
2 кезеңнен тұратын оқыту курсының бірінші жартысында дәріс тыңдаушылар теориялық тұрғыда білім алады. Келесі кезеңде белгілі бір мемлекеттік органда өндірістік тәжірибеден өтеді. Студенттер арнайы мектептегі сабақтарын негізгі оқуларымен сабақтастыра жүріп жалғастырады. Сарыхан Дүйсенбай тарих пәнінің мұғаліміне оқып жатыр. Болашақта мемлекеттік қызметке қарай ойысуды жоспарлап жүр.
САРЫХАН ДҮЙСЕНБАЙ, М.Қозыбаев атындағы СҚУ 4-ші курс студенті:
– Өзім мектеп жасынан мемлекетті басқару ісі бойынша, ішкі және сыртқы саясат бойынша тақырыптарға өте қатты қызығатынмын. Осы мектепке келгенімнің басты мақсаты – болашақта халқым үшін жұмыс істеп, жаңа Қазақстанды құратын алғашқы тұлғалардың бірі болуға ниеттеспіз.
Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі 2018 жылы құрылған. Содан бері 8 маусым сәтті өткен. Мынау – 9-шысы. Осы уақытқа дейін 100-ден астам студент дәріс алып, оның 20 пайызы мемлекеттік қызметке орналастырылыпты.
ДУЛАТ ТАЙШАБАЙ, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Биылғы жылы университетті грантпен, жақсы нәтижемен бітірген студенттерге, конкурстан тыс мемлекеттік қызметке орналасуға мүмкіндік беріледі. Олар бізде оқуды бітіріп, ешқандай конкурссыз жұмысқа тұра алады. Осы жылы біздің облыста университетті бітірген 5 жас маман мемлекеттік конкурстан тыс Айыртау, Аққайың, М.Жұмабаев, Жамбыл аудандарына жұмысқа орналасты. Осы мектептің мақсаты – жас талантты мамандарды мемлекеттік қызметке қабалдау.
Оқыту курсын аяқтағаннан кейін студенттерге сертификат беріледі. Бұл құжат мемлекеттік қызметке орналасуда көмек болады. Осы орайда айта кетейік, өңірдің мемлекеттік қызмет саласында бүгінде 200-ге жуық бос жұмыс орны бар.
Мәдина Қаби