Мәдениет

Петропавлдық жас таланттар халықаралық фестивальге қатысып қайтты

Петропавлдық жас таланттар шет елде өнерлерін ортаға салды. Қаладағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжінде актер мамандығына оқып жүрген 4-курс студенттері Мәскеу қаласында өткен ТМД елдерінің Гитис шеберлік-сыныбы фестивалінде төбе көрсетіп қайтты. Қарашаның 7-сі мен 15-сі аралығында өткен ауқымды додаға қырғыз, өзбек, армян мен беларусь сияқты алыс-жақын шет елдердің әртістері қатысқан екен.

АСЫЛХАН РАЗИЕВ, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің оқытушысы, актер:

– Жалпы, біздің бұл жобағы өтуіміздің өзі – бақ. Ол жобаға әр мемлекеттен қатысқан оқу орындары барлығы мемлекеттік, академиялық, университет немесе институт. Сондықтан, біздің бағымыз бар бұл орайда. Біз спектакльді ойнап шаққан кезде де айтып жатты. Колледж қалай болады екен деген сияқты. Сондықтан, біздің мойнымызда үлкен жүк тұрды.

Тарих, мұң, қайғы мен тағдыр. Осы сезімнің бәрін петропавлдық студенттер ел-елдің өнерпаздарына паш етті, жүректеріне жеткізді. Теріскейден аттанған 10-ға жуық ұл-қыз қалың қазаққа жақсы таныс Мұхтар Әуезовтің “Қорғансыздың күні” мен Антон Чеховтің “Анықтама” әңгімелерін ұсыныпты. Басты рөл – Ғазизаның кейпін сомдаған Ақнұр Исекова Ресейдегі сапарынан алған әсерімен бөлісті.

АҚНҰР ИСЕКОВА, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің 4-курс студенті:

– Менің осы спектакльде ойнаған персонажым – Ғазиза. 13 жасар қыз. Батыл қыздардың бірі. Мәскеу керемет. Жақсы қарсы алды. Ашылу салтанатында арнайы сыйлықтары да болды. Әрине рахмет, естелік болып қалды. Өзіме Өзбекстан елінің қойылымы ұнады. Себебі, тілдері ерекше әрі не айтылып жатқаны түсінікті жеткізілген.

Бұл қор болған Ғазиза қыздың анасының рөліндегі – Айғаным Мұқатай. Арқасүйер күйеуінен бір, бауыр еті баласынан айырылып екі зар жылаған ананың кейпін сомдаған жас актрисаның ойыны жүректі тебірентпей қоймаған. Өңіріміздің намысын қорғағандардың ішінде теріскейде білім алып жатқан Шымкент қаласының тумасы Бекзат Нахыпбек те бар. Оқуын тәмамдағаннан кейін әрі қарай білімін осы сала бойынша дамытқысы келеді.

БЕКЗАТ НАХЫПБЕК, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің 4-курс студенті:

– Мәскеуге барғаныма өте қуаныштымын. Себебі, бұл ТМД елдерінің өнерлік додасы. Әртүрлі шеберлік сағаттары өтті. Тәжірибе алдық. Жалпы, бұл әр түрлі елдердің арасындағы өнерлік қарым-қатынас құру үшін жасалған мәслихат деп ойлаймын. Бірінші қойылымда мен Ақан деген болыстың рөлін ойнадым. Қазіргі кездегі әкім немесе шенеунік. Маған армян халқының қойылымы ұнады. Ондай қойылымды алғаш рет көруім. Бере алу техникасы ұнады өзіме.

Жалпы, бұл сапарға жас актерлер толық 1 ай дайындалған. Үлкен сахнаға алғаш рет шығып тұрған ұл-қыздардың өнері ұстаздары әрі облыстық қазақ театрының актері Асылхан Разиевтің көңілінен шыққан көрінеді.

АСЫЛХАН РАЗИЕВ, Е.Серкебаев атындағы өнер колледжінің оқытушысы, актер:

– Жалпы, о баста қоятын қойылымымыз ұлттық құндылықта болса деген ұсыныс тасталды. Сондықтан, мен бірден өзіміздің ұлттық драматургияны ақтара бастадым. Таңдауға келгенде алдымен студенттердің көлеміне қараймын. Бұл спектакльді дайындағанда өзіміздің дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды көрсетіп кеттік. Ұтқан жағымыз – басқа елдің адамдарын өз мәдениетімізбен таныстыру болды.

Жалпы, бұл сапар болашақ түлектер үшін зор мүмкіндік болды деуге болады. Жақында оқуларын аяқтайтын жастар Ресейдегі Гитис театр өнері институтының мамандарынан осы сала бойынша оқуларын жалғастыруға шақырту алыпты.

 

Ақжүніс Мұқатай