Ағымдағы аптада есептік кездесу кезегі жақында ғана халық таңдаған Мамлют ауданының әкімі Елена Степаненкоға келді. Өңір тарихында аудан тізгінін тұңғыш ұстаған әйел басшы брифингке тыңғылықты дайындалып келіпті. Ол баяндаманы өзгелер сияқты қағаздан емес, заманауи құрылғыға қарап оқыды. Артынша залдағы және тікелей эфирді қараған тілшілер мен көрермендердің сұрақтарына жауап берді. Сауалдардың бірі ауыл көшелерін жөндеуге қатысты болды. Бұл бағытта жоспар әзірленген.
ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:
– Ауыл көшелері “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында жөнделетін болады. Келер жылы Новомихайловка мен Бексейітте тиісті жұмыс жүргізілмек. Краснознаменное да назардан тыс қалмайды. Қазір бұл елді мекен бойынша құжаттар әзірленіп жатыр. Әзірге жоспар осындай.
Мамлют – облыс орталығына жақын орналасқан аудандардың бірі. Мұнда жастардың саны аз. Қыз-жігіттердің дені Петропавлда немесе өзге қалаларда еңбек еткенді құп көреді. Бұл кадр тапшылығына әкеліп отыр. Мәселені шешу үшін әкім құрылысқа қарқын қоспақшы.
ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:
– Қазіргі таңда көпқабатты үй салу мәселесін қарастырып жатырмыз. Пәтерлерді ипотекаға рәсімдеу ойда бар. Жоспар бойынша әр шаршы метрдің құны 180 мың теңге болады. Бұл бастамаға қарсылық танытқандар да баршылық. Мен ойлана келе, тұрғызу қажет деген шешімге келдім.
Мамютка қаласында әлі күнге дейін дене шынықтыру-сауықтыру кешені жоқ. Бұл мәселе де шешімін таппақ. Келер жылы аудан орталығында нысанның құрылысын бастау көзделіп отыр. Ал ауылдардағы басты проблеманың бірі – сапалы ауыз судың жоқтығы немесе үйге кіргізілмеуі. Елена Степаненко анализ жасап үлгеріпті. Мынандай оймен бөлісті.
ЕЛЕНА СТЕПАНЕНКО, Мамлют ауданының әкімі:
– Президент тапсырмасына сәйкес, халық саны 200-ден асатын елді мекендерде су таратқыш желілер тартылады. Ал 200-ден аз адам тұратын ауылдардағы құдықтарға заманауи кешен қойылмақ. Бұл халықты сапалы тіршілік көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осы орайда “Жұмыс қашан аяқталады?” деген сауал туындайды. Спикердің сөзінше, маңызды шаруа 25-ші жылдың соңына дейін аяқталады.
Байболат Құлтанов