Аққайыңдар өлкесінде қоршаған ортаға бей-берекет қарайтындар қоқыс тастауды қояр емес. Ал мемлекет олармен күресті және аумақтардың тазалығына көңіл бөлуді жалғастырмақ ниетте. Бұл жайлы тілшілермен тілдесуден ешқашан қашпайтын экология департаментінің басшысы Азамат Бектасов мәлім етті.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
– 2023 жылы 198 рұқсат етілмеген полигон анықталды. Белгіленген шекараны бұзу жайты 76 рет тіркелді. 269 полигон немесе 98% жойылды.
Қазақта “аузы күйген үрлеп ішер” деген бар. Қазір жауапты органдар жалпыға сабақ болсын деген мақсатпен жауапсыз жандарды жазалауға көшкен. Мысалы, ағымдағы жылы өңірде ереже бұзған 28 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Салынған айыппұлдың көлемі 600 мың теңгеден асады.
АЗАМАТ БЕКТАСОВ, СҚО бойынша экология департаментінің басшысы:
– Сонымен қатар, Ақжар және Аққайың ауданында жоспардан тыс 2 тексеру жүргізілді. Бұзушылық анықталды, расталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,6 млн теңгеден асатын әкімшілік айыппұлдар салынды.
Брифинг соңында Азамат Бектасов жоспармен де бөлісті. Оның сөзінше, 2027 жылға дейін өңіріміздің аудандарында 8 қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын салу көзделген.
Байболат Құлтанов