Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің құрылғанына биыл – 9 жыл. Ұйымға 500-ден астам нәзікжанды мүшелік етеді.
Барлығы – оған қарасты 56 ұйым бар екен. Бүгін сол ұйымдардың өкілдері Достық үйінде бас қосып, атқарған жұмыстарын қорытындылады, алға жоспар құрды.
ЖҰЛДЫЗ САТТАРОВА, СҚО ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы:
– Жұмысымыз, негізінен, жасөспірімдер мен жас балалармен, ата-аналармен жұмыс істеуге бағытталған. Қиын жағдайға түскен отбасылармен көптеген іс-шаралар өткізудеміз. Енді біздің негізгі мақсатымыз – бақытты аналар, бақытты отбасылар көп болсын деген мақсатпен осындай көптеген іс-шаралар өткізудеміз.
Жиында қоғам жұмысына белсенді ат салысып жүрген аналар алғыс хаттарға ие болды.
Дәния Кенжаева – 7 баланың анасы. Тұңғышы 24 жаста болса, кенжесі 7-де. Көпбалалы ана бала тәрбиесіне де көңіл бөледі, кеңес жұмысына да үлгеріп жүр.
ДӘНИЯ КЕНЖАЕВА:
– Осы шараға шақырған себебіміз – балалардың спортта, қоғамда барлық жерлерде белсенді болуы. Өзімнің көптеген жұмыстарымның арқасында осындай дәрежеге жетіп отырмын.
Жиында бала тәрбиесі, ата-ана тәртібі, отбасындағы қарым-қатынас туралы айтылды. Үйде ана мен әкенің атқаратын рөлі зор және сол рөлдің маңыздылығы мен артылған жауапкершіліктің жүгін сезіне білу керек делінді. Үлгілі тәрбие алған бала саналы азамат болып өседі. Жанна Сәрсекеева – Шал ақын аудандық Аналар кеңесінің төрағасы. Өзі бас болып қатарындағы белсенді нәзікжандылар ауданда отбасы құндылықтары туралы жиындарды жиі өткізіп тұрады.
ЖАННА СӘРСЕКЕЕВА, Шал ақын аудандық Аналар кеңесінің төрағасы:
– Бүгінгі күні ауылымызда зорлық-зомбылық деген сияқты, өздеріне қол жұмсау деген сияқты келеңсіз жағдайлар жоқ, өмірдің келеңсіз қиын жағдайына тап болғандар жоқ. Бұның барлығы аналар кеңесінің жемісті жұмысының арқасы деп білуге болады.
Мәдина Қаби