Емтиханды тапсыруға өтініш қабылдау 25 қазан мен 10 қараша аралығында ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында жүзеге асырылды. Докторантураға түсу емтихандарына 1060 адам қатысады. Емтихан бүгін басталып, 2 желтоқсанға дейін жалғасады. Түсу емтиханына эссе жазу, докторантураға дайындық тесті және білім беру бағдарламасы тобының бейіні бойынша емтихан кіреді.
Жалпы, түсу емтиханының ең жоғары көрсеткіші 100 балл, оның ішінде әңгімелесу – 20 балл, эссе – 10 балл, докторантурада оқуға дайындығын анықтауға арналған тест – 30 балл, бейіні бойынша емтихан сұрақтары – 40 балды құрайды. Ал мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша конкурсқа қатысу үшін және ақылы негізде докторантураға түсу үшін шекті балл 75 балды құрайды, – деп атап өтті Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.