Ауыл шаруашылығы

Ветеринар дәрігерлер біліктілік арттыруда

Білім мен ғылымсыз ауыл шаруашылығы саласы алға баспайды. Яғни, агросекторға білімі таяз емес, тереңінен ойлайтын, күнделікті жұмыста тақырыпты жан-жақты қозғайтын мамандар керек. Бұл қажеттілікті ескеріп, Бескөлдегі ғылыми-зерттеу институтында арнайы мектеп ашылды. Бүгін мұнда алғашқы семинар бастау алып отыр.

ЖАНАТ ӘМІРЖАНОВ, СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– СҚ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының негізінде “Мал шаруалығы құзыреті” мектебі ашылды. Осында ветеринария саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін жиналып отырмыз. Адам мен жануарлардың саулығы және өнім қауіпсіздігі – мал дәрігерлеріне тікелей байланысты.

3 күндік семинардың маңызы зор. Сандарды сөйлетсек, жергілікті шаруалар 2011 жылдан бері өңір аумағына 40 мыңнан астам ірі қара әкеліпті. Бұл үрдіс әлі де жалғасады. Демек, біздің ветеринар дәрігерлер тұяқтыларды сапалы тексеріп, шетелдік үлгіде қызмет көрсете алуы тиіс. Одан қалды, өзіміздің мал мен құс бар. Бескөлде бас қосқан ондаған маманның дені – жастар. Олар білікті мамандардан ақыл-кеңес алмақ.

АЛТЫНБЕК АБДОЛЛАЕВ, Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

– Ғылыми-зерттеу институтында кандидаттар және докторымыз бар. Ертең Астанадан білікті маман келеді. Оны арнайы шақырдық. Ол кісінің дәрісі өте қауіпті ауруларға қарсы шаралар жайлы болмақ.

Жұқпалы аурулардың алдын алу, цифрлық жүйені меңгеру. Семинарда осы тақырыптар тереңінен қаузалмақ. Алғашқысы Тимирязев ауданынан келген Ерхан Ормановты аса қызықтырады екен. Бірнеше жылдық тәжірибесі бар ветеринар дәрігер өзімен қатар, жас әріптестерінің білім алғанын, болашақта нәтижелі еңбек еткенін қалайды.

ЕРХАН ОРМАНОВ, ветеринар дәрігер, Тимирязев ауданы:

– Мұндай жиынның өткенін қалаймын. Өзімнің еңбек өтілім – 8 жыл. Біраз тәжірибе жинадым. Қатардағы жастар біліктілікті арттырса деймін.

Оқыту семинарының соңында сауалнама жүргізілмек. Онда қатысушылар өзекті тақырыптарды көрсетеді. Сол бойынша келесі шара ұйымдастырылмақ. Ғылыми-зерттеу институтының басшылығы мұндай басқосуларды дәстүрге айналдыруды мақсат етіп отыр.

 

Байболат Құлтанов