Қазақстан жаңалықтары

Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатаның көшпелі отырысы өтті. Жиын Қазақстанның медиа нарығын дамыту мәселелері бойынша жыл сайынғы XV «Media Құрылтай 2023» салалық конференциясы аясында ұйымдастырылды

Депутаттар мен сала мамандары «БАҚ туралы» заң жобасын талқылады. Қоғамдық палата отырысына Мәжіліс депутаты Айдос Сарым төрағалық етіп, Парламент депутаттары мен Қоғамдық палата мүшелері, тиісті министрлік өкілдері, қазақстандық БАҚ басшылары, қоғам қайраткерлері мен сарапшылар қатысты. Айдос Сарым саланың мәселелерімен етене таныс мамандар бас қосатынындықтан «Масс-медиа туралы» заң жобасын талқылау алаңы ретінде «Media Құрылтай» конференциясы таңдалғанын атап өтті.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов жаңа заңда отандық медиа саласының дамуына сапалы серпін беретін бірқатар жаңалық қарастырылғанын айтты. Атап айтқанда, журналистерді құқықтық қорғау мақсатымен БАҚ материалдарының ескіру мерзімі енгізілген.

“Қолданыстағы заңнама медиа қауымдастықты мұрағаттарды сақтауға міндеттейді. Өйткені кез келген азаматтың ар-намысын қорғау туралы талаппен сотқа жүгінуге құқығы бар және осы немесе басқа жарияланымдарға сәйкес еңбегі бірнеше жыл бұрын жарияланған болуы мүмкін. Біз бұл кезеңді үш жылмен шектейміз. Осы тұста айта кететін жайт, Мәдениет және ақпарат министрлігі оның қосымша қысқартылуына қарсы емес”, – деді вице-министр.