Қазақстан жаңалықтары

ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов инфляцияға қарсы күрес жоспарларымен бөлісті

«Біздің шешіміміз инфляция мен экономикадағы өсімнің жаңарған болжамын, сондай-ақ нақты деректерді талдау нәтижелері мен тәуекелдер балансын ескереді. Ставка бойынша алдыңғы қабылданған шешімдердің, Үкімет пен әкімдер қабылдаған шаралардың, сондай-ақ базаның әсерінен инфляцияның баяулау қарқынын байқап отырмыз. Естеріңізде болса, былтыр инфляция өте жоғары болатын және оның салдары биылғы инфляцияның бірқалыпты баяулауына әсер етті. Қазір ол алдыңғы болжамның төменгі шегіне жуықтап қалды. Ал өз кезегінде базалық инфляция мен маусымдық факторды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталып келеді», – деді Т.Сүлейменов.

Оның атап өтуінше, алдағы айларда жылдық инфляцияның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп жоспарланған. Дейтұрғанмен, назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдердің рөлі артып келеді. Оның ішінде азық-түлік бағасының өсуі, негізгі сауда-серіктесіміз ретінде РФ-дағы инфляция, инфляциялық динамика мен фискалдық шығыстар бар.