Бұл – Ивановка орта мектебінде орналасқан №105-ші сайлау учаскесі. Мұнда ауыл тұрғындары таңғы 7-ден келіп, округ әкімдігіне үміткер жандарға дауыс беруде. Барлығы – 2 кандидат. Соның бірі осы ауылда туып-өскен. Жалпы, тұрғындар саяси науқанға белсенді қатысып жатыр. Дауыс берушілердің саны 500-ге жуықтайды.
САТЫБАЛДЫ НҰРҰШЕВ, №105 сайлау учаскесі комиссиясы төрағасының орынбасары, Аққайың ауданы:
– Сағат 10-ға дейін тұрғындардың 20 пайызы дауыс берді. Тізім бойынша 18 жасқа толғандар жоқ. Сайлау – бәрі жақсы өтіп жатыр. Ешқандай құқықбұзушылық орын алмады.
Ал учаскеге келіп дауыс бере алмайтын тұрғындар үшін түстен кейін жылжымалы урна жұмыс істейді. Денсаулығына байланысты үйінен дауыс беруге 11 адам өтініш білдірген. Мұндай саяси науқан 4 жылда 1 рет ұйымдастырылады. Айта кетейік, Ивановка ауылдық округіне 2 ауыл қарайды. Олар: Үлгі мен Ивановка. Үлгіде
2-ақ үй қалғандықтан комиссия өкілдері тұрғындарға өздері барады. Жұртшылықтың айтуынша, бұрынғы әкімнің елді мекенге сіңірген еңбегі мол. Оның лауазымдық мерзімі аяқталған, жаңа сайлауға түсіп жатқан жоқ. Округте біраз мәселе шешімін тапқан, ағайынды алаңдататыны – жол.
ЖАНАР АХМЕТОВА, Ивановка ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:
– Біздің округте мәселелер бар. Ең өзекті мәселе – жол. Су, жарық, ғаламтор мәселесі жойылды. Бұрынғы әкім Николай Александрович бұл мәселелерді шешті. Енді жаңа әкім жолды дұрыстаса екен.
Сайлау кешке өз мәресіне жетті. 500-ге жуық адамның тең жартысы Қанат Дүйсембаевқа дауыс беріпті. Ол – осы ауылдың тумасы. Ер азамат 82 пайыз дауыс жинаған.
Гульден Симбаева