Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселе – кадр тапшылығы

Елдің ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселе – кадр тапшылығы. Проблеманы Үкімет сағатында Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов көтерді. Оның сөзінше, аграрлық университеттерді бітіргендердің 80 пайызы мамандығы бойынша жұмысқа тұрған. Ал ветеринарлардың орташа жасы 60 екен. Статистикалық ақпар ұсынған азамат “Онда неге ауылдық жерде агрономдар, зоотехниктер, технологтар жетпейді? Өңірлерге барып жатқан мамандар қайда?” деген сауалды төтесінен қойды.

ЖАҚЫП АСАНОВ, ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары:

– Жыл сайын 192 арнаулы колледжді 7,5 мың маман бітіріп шығады. Бірақ, неге механизатор, малшы, бау-бақша мамандары, техниктер ауылда тапшы? Бүгінгі Үкімет сағатына мемлекеттік органдармен бірге оқу орындарының, ғылым саласының, кәсіпорындардың, қоғамдық ұйымдардың өкілдерін шақырып, жан-жақты пікір алмассақ деген ниетіміз бар. Заң шығарушы билік ретінде қай жағынан біз үлес қоса аламыз?

Осы орайда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұндай жағдайдың қалыптасуына агросаладағы еңбекақы мен мамандықтарға бөлінетін ауылдық квотаның аздығы әсер етуі мүмкін.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Аграрлық саладағы адами капиталға да назар аударуымыз қажет. Себебі, аграрлық саладағы мамандар, оның ішінде орта буында мамандар ауылды елді мекендерде тапшы. Оның негізгі себептерінің бірі – бұл саладағы еңбекақының тапшы болуы. Сонымен қатар, қаладағы мектеп бітіруші жастарымыз аграрлық мамандықтарды таңдамайды. Аграрлық мамандықтарға мемлекеттік тапсырыс бойынша ауылдық квотаның төмен болуы да өз әсерін тигізуде.

 

Байболат Құлтанов