Мамлют ауданында ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күніне орай жәрмеңке ұйымдастырылды. Шараға бірсыпыра өндіруші қатысты. Олар азық-түліктің түр-түрін ұсынды. Саудаға қымыз да қойылды. Аудандағы ең ірі агроқұрылым – “Мамбетов и К” командиттік серіктестігі бидайдың бірнеше түрін әкеліпті.
АЙДЫН НҰРҒАЛИЕВ, “Мамбетов и К” КС бас агрономы, Мамлют ауданы:
– Біздің шаруашылық тұқым және мал шаруашылығымен айналысады. Дәнді дақылдардың 5 сортын егеміз. Майлы дақылдардан зығыр егеміз, сорт – “Северный”. Осы тұқымдарды жәрмеңкеге алып келіп тұрмыз. Осы сорттардың бізде құжаттары бар. Бұл сорттарды тәжірибесі бар шаруашылықтардан аламыз.
“Eurasia Group Kazakhstan” компаниясы өз жабдықтарымен келген. Соның бірі жердегі ылғалдылықты тексеріп, ауа райын болжау мүмкіндігіне ие.
Әрбір кәсіпкердің кеуде қағып мақтанатындай өнімі бар. Жәрмеңкеден кейін халық аудандағы мәдениет үйіне жиналды. Мұнда мерекеге орай концерт ұйымдастырылды.
МҰРАТ ҚОЖАЕВ, Мамлют аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімінің басшысы:
– Аудандағы кәсіпкерлер жан-жақты даму үстінде. Олар заманауи техника мен жадбықтарды пайдаланып жатқанын айта кету керек. Маусым соңында сала өкілдерінің қауышып, пікір алмасқанын қалаймыз. Биыл диқандар біраз күш жұмсады. Көңіл көншітерлік нәтиже болмады. Келер жылы төккен тер ақталса дейміз.
Концерт барысында ауыл шаруашылығы саласының үздік деп танылған 40-қа тарта маманы марапат алды. Оларға түрлі дәрежедегі марапат табысталды.
Мәдина Қаби