Қоғам

Анжелика Белескаеваның еміне қаражат керек

28 жастағы Анжелика Белескаева – Жамбыл ауданындағы жастар ресурстық орталығының директоры. Айналысына күн шуағындай болған, көмек қолын созып жүретін жайдары жан 5 жылдан бері бойына жұққан кеселмен алысып келеді. Ішек қуысының диффузды мезотелиомасы диагнозы қойылған нәзікжандының ел асып шет елде жатқанына 1 айдың жүзі болған. Білікті мамандардың емін алып, айығу үшін 15 млн теңге көлемінде қаражат керек.

АЙНҰР ІЛИЯС, Анжелика Белескаеваның әріптесі:

– Анжеликаның осы уақытқа дейінгі өмірі зейнеткерлер мен мүгедек жандарға көмектесумен өтті. Ол – өз ісінің маманы. Анжеликаға 2017 жылдың тамыз айында қалқанша безіндегі түйіндерді алып тастау үшін операция жасалды. Кейін ол онкологиялық орталыққа шақырылды. Онда талдамалар тапсырылып, инвазивті сатыда қатерлі ісік бар екені белгілі болды. Ай сайын тексеріліп жүрді. 2020 жылы лимфа түйіндері қабына бастағандықтан, эндокринолог дәрігердің айтуымен Астанадағы ПЭТ КТ-ға түсті. 5 күннен кейін келген қорытынды бойынша 4-ші сатыдағы ішек қуысының диффузды мезотелиомасы диагнозы қойылды.

Анжелика Белескаева 3 жылдың ішінде 36 сәуле емін алған. Жуырда 3-қараша күні 19 сағатқа созылған операциядан өткен екен.

АЙНҰР ІЛИЯС, Анжелика Белескаеваның әріптесі:

– Өте күрделі операция болды. Барлық іш қуысы зардап шекті. Көп қан жоғалтты. Енді әрі қарай арнайы терапия емін алуы қажет. Оған керек қаражат бізде жеткіліксіз. Ал керек емді алмаса онда операция жасаудың түк мәні жоқ. Сондықтан, барша қала тұрғындары мен адам денсаулығына бейжай қарамайтын мейірбан жанжардан қол ұшын созуды өтініп сұраймын.

Осы уақытқа дейін солтүстікқазақстандық жанның емі үшін қайырымдылық концерті мен түрлі жәрмеңкелер өткізілді. Дегенмен, жиналған сома керек ем-домға жеткіліксіз. Анжеликаға қол ұшын созамын деген жандар керек ақшаны экранда көрсетілген реквизиттер бойынша жолдай алады.

 

Ақжүніс Мұқатай