Қоғам

“Қыс” оқу-жаттығу жиыны жалғасуда

Соңғы уақытта қолайсыз ауа райы тұрғындарға зардабын тигізбей қоймады. Бүгін көктайғақтың кесірінен екі жеңіл автокөлік соқтығысып қалса, енді бірі Пестрое көлінде қата қоймаған мұзға батып кете жаздады. Кеше бастау алған республикалық “Қыс-2023” командалық-штабтық оқу-жаттығу жиынының сценарийі осындай.

Қара түтін, абыр-сабыр көліктер мен дәрігерлер. Болып жатқан оқиғаны оқу-жаттығу шарасы деп айту қиын. Себебі, барлығы шынайылыққа жанасып ұйымдастырылған. Мақсат – төтенше жағдай қызметкерлерінің дайындығын пысықтау. Ауқымды жиынға 200 маман мен 40 бірлік техника жұмылдырылсған.

БОЛАТ ЖҰМАЖАНОВ №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы:

– Шараның мақсаты – алдағы 2023-2024 жылғы қыстың табиғи қиындықтарына және төтенше жағдайларға дайындалу. Біздің қызметкерлеріміздің болжамалы жағдайлардың алдын алу. Осындай жағдайлар қыс мезгілінде орын алады. Әсіресе, жаңбырлы, қарлы боран кезінде болады.

Апат болған жерде эвакуациялық пен медициналық пункт шатырлары құрылды. Мамандардың зардап шеккен немесе құтқарылған жандарға жасап жатқан жұмысымен ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Ерлан Нұрпейісов танысты.

Оқу-жаттығу жиыны медициналық көмек көрсетуден бастап тамақтану мен түнеу жағдайына дейін қарастырылған. Осындай маңызды істе облыстық “Қызыл жарты ай” филиалының қызметкерлері зор рөл атқарды.

СӘУЛЕ ОРАЗОВА, ҚР Қызыл ай қоғамы облыстық филиалының директоры:

– Алда-жалда осындай төтенше жағдай орын алса, біз бірден іске кірісеміз. Өзімізбен бірге міндетті түрде жылыту пештерін, тамақ, қайнаған су мен дәрі-дәрмек, жылы көрпелер әкелеміз. Мысалы, бүгін 30 адамға көмек қолын создық.

Жалпы, жиынға жедел-құтқару жасағының мамандары, жергілікті полицейлері мен 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысты.

 

Ақжүніс Мұхатай