ТКШ

Қала тұрғындары жылусыз отыр

Қақаған суықта кейбір қала тұрғындары жылусыз және ыстық сусыз қалды. Бұл – Ғ.Мүсірепов көшесінде орналасқан 11-ші В үй. Баспана ағымдағы жылдың тамызында ғана тапсырылды. Арманға жеткен адамдар асыға көшті, кейбірі жөндеу жұмыстарын да жүргізді. Алайда, қыс таяғанда қуаныш су сепкендей басылды. Қазір мұндағылар электр пешін қолдануға мәжбүр. Тұрғындар мәселені мердігерге жеткізіпті. Алайда, жауапты тұлға проблеманы біржақты етуге құлшыныс танытпаған көрінеді.

АНДРЕЙ КОСТЫЛЬНИКОВ, қала тұрғыны:

– Тамыз айының соңында осы үйге көшіп келдім. Әлі күнге дейін жылу берілмеді. Бұны түсінбей жатрмыз. Себебін де біле алмай отырған жайымыз бар. Мердігермен осы мәселе бойынша сөйлесейік деп едік. Ол бізді тыңдамады. Материалдардың барлығы бүлініп жатыр.

Салқын мен дымқылдың салдарынан материалмен қоса, әрленген қабырғалар кеппей, сыланғанның барлығы құлауы мүмкін. “Жүргізілген жұмыстар жарамсыз болып қалмаса игі”,-дейді тұрғындар.

– Насколько уже сырость. Если сейчас на эти дни тепло не дадут, весь мой этот ремонт 50 процентов упадет.

Бүгін тұрғындар осы мәселе бойынша “AMANAT” партиясының филиалына жиналды. Сырты бүтін, іші түтін су жаңа үйдің мердігері – “TAMILA INVEST”. Оның басшысы Марат Жакетовтың айтуынша, мәселенің бәрі Назарбаев көшесіндегі құбырдан болып тұр.

МАРАТ ЖАКЕТОВ, мердігер:

– Назарбаев көшесінде алты подъезден тұратын №183 үй бар. Ескі панельді баспананың тұрғындары да үйіміз суық деген мәселе көтерді. Біз желіні ауыстыру арқылы түйткілді шештік. Іске 15 млн теңге жұмсалды. Проблема мынада – жаңадан орнатылған құбыр Ғ.Мүсірепов көшесіндегі үйге жетпейді. Тиісінше, жылу жоқ. Осының салдарынан тұрғындар шағымданып отыр.

Мұндай кемшіліктің кесірінен тұрғындар қиналмауы керек. Жиында арнайы серіктестік үйге құбыр тартатын болып келісті. Шығынды мердігер өтейді. Алайда, жұмыс қашан басталатыны белгісіз.

 

Гүлден Сембаева