Қоғам

Айыртаулық ұстаздар тиісті ақшадан неге қағылған?

Журналистер алдындағы есептік кездесуді Айыртау ауданының әкімі Ерболат Бекшенов жалғады. Жері кең, топырағы шүйгін, табиғаты тамаша, халық саны әжептәуір ауданда бірталай жұмыс атқарылыпты. Атқамінер бәріне тоқталып өтті. Алайда, баяндаманың басым бөлігі орыс тілінде оқылды.

ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:

– В следующем году намечена реализация проектов по строительству локальных источников водоснабжения с разводящими сетями в селах Антоновка. Ведется разработка проектно-сметной документации на развитие сетей водопровода сел Саумалколь и Имантау.

Ерболат Бекшенов қазақ тілін білмейді деуге келмес. Шенеунік қойылған сауалдарға Абай тілінде еш қиындықсыз жауап берді. Алғашқы мәселе ұстаздарға қатысты. Мұғалімдер облыс орталығына біліктілікті арттыру курсына келеді. Олардың іссапарына ақша бөлінеді. Алайда, бұл қаржыдан айыртаулық мамандар қағылып қалатын көрінеді.

ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:

– Бұл сұрақты қарастырайық. Шешілетін сұрақ. Қарастырып, шешеміз.

Айыртауда қысқарудың немесе жабылудың аз-ақ алдында тұрған мектептер көп. Білім ошақтарының есігіне қара құлып салынса, күллі ауылдан береке қашады. Бұған жол бермеудің жолы бар ма? Әкім былау жауап берді.

ЕРБОЛАТ БЕКШЕНОВ, Айыртау ауданының әкімі:

– Балалардың саны жыл сайын азайып жатыр. Светлое деген ауылда 9 бала қалды. Мәселені қоныстанушылардың келуімен ғана шеше аламыз.

Аудан әкімдерінің қатысуымен брифинг жалғасады. Дүйсенбіде Ғ.Мүсірепов ауданының басшысы баспасөз алаңында бой көрсетпек.

 

Байболат Құлтанов