Қыстың аязды күндері жиі орын алатын жылу құбырының жарылуы, көл айдындарындағы төтенше жағдайлар мен тағы басқа оқыс оқиғалар. Аталғандардың бірі болмаса бірінен тұрғындар зардап шегуі мүмкін. Осы мақсатта төтенше жағдайлардың алдын алу және іс-әрекеттердің дайындығына толық көз жеткізу үшін ұйымдастырылатын республикалық “Қыс-2023” командалық-штабтық оқу-жаттығу жиыны басталды.
МҰРАТ ҚАНҒОЖИНОВ, СҚО ТЖД бастығының орынбасары:
– Биыл оқу-жаттығу жиынында қаладағы 4 жерде боламыз. Бүгін тіршілік объектілеріндегі аварияларды жою жөніндегі іс-қимылдарды пысықтау үшін 2-ЖЭО-ның аумағына барамыз. 24-қараша күні күшті әсер ететін улы заттардың төгілуіне байланысты техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жою және қаладағы көл айдындарындағы қауіпсіздікті тексеру үшін Пестроеге барамыз. Одан кейін көпқабатты тұрғын үйлердегі коммуникациялар апатын жою бойынша іс-қимылдарды пысықтаймыз.
Кез келген сәтте адам өмірін құтқару үшін сақадай сай тұратын құтқарушылардың дайындығы пысықталмақ. Жыл сайынғы дәстүрлі шараға айналған жиынға жергілкті атқарушы органдар, республикалық және облыстық қызметтер мен азаматтық қорғау құрылымдары тартылған. Бас қаладан барлығы – 20-ға жуық маман келіпті. Жиынның алғашқы күні, яғни ашылуына теріскей өңірінің барлық аудан қызметкерлері онлайн түрде қосылады. Ауқымды шараның мақсатымен танысады.
СЕРІК АҒЗАМОВ, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
– Оқыс орын алатын апаттық жағдайларға облыс және аудан қызметкерлері әрдайым дайын болулары керек. Төтенше жағдайлардың алдын алу, адам шығынын болдырмау – басты назарда. Алдағы болатын оқу-жаттығу жиындарында дайындықтарды сынайтын боламыз. Көңіл толмаған сәттер болса сараптап, дұрыстауға күш саламыз.
Мұндай тәжірибелік іс-шаралар еліміздің барлық өңірінде дерлік өткізілмек. Ал Қызылжардағы жиын ертең мәресіне жетеді.
Ақжүніс Мұқатай