Қоғам

Биыл СҚО-да игерілмеген 210 мың га алқап қайтарылды

Облыста игерілмей жатқан жерді мемлекетке қайтару жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Осы мәселе бойынша Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында Үкіметке тапсырма берген болатын.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 млн гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын.

Елімізде, оның ішінде облыста жайылым мәселесі өткір тұр. Жерді қайтару, оны дұрыс бөлу ауыл шаруашылығы саласын дамытуға септігін тигізері анық. Осыған орай биыл облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің мамандары прокурорлармен бірге 51 мың га аумаққа қатысты 38 тексеру жүргізген. Оның 5,1 мың га-дан астамы егістік болса, қалғаны – жайылым жерлер.

БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:

– Жүргізілген тексерулердің нәтижелері бойынша 44 мың га алқапта 28 бұзушылық анықталды. 7 мың га аумақта 10 бұзушылық анықталмады. 9 мың га жайылым алаңында 5 бұзушылық жойылды. Оны жою туралы 28 нұсқама берілді. 2,1 млн теңге сомасына 25 айыппұл салынды.

Бақытжан Бекіштің айтуынша, қазіргі таңда сотта 24,5 мың га жер учаскесін жалға беру туралы 44 талап арыз қаралып жатыр. Жерді өз игілігіне пайдаланбаса да мемлекетке бергісі келмейтіндер баршылық. Ондай кезде мамандар соттың көмегіне жүгінеді.

БАҚЫТЖАН БЕКІШ, СҚО жер ресурстарын басқару департаментінің басшысы:

– Игерілмеген аумақтардың ең ірісі Уәлиханов, Тайынша және Аққайың аудандарында тіркелді. Қазіргі уақытта осыған қатысты іс сотта қаралып жатыр. Бұл біраз уақытты алады. Сондай-ақ, игерілмеген жерді пайдаланбағаны үшін айыппұл қарастырылған. Ол жердің көлеміне байланысты.

Биыл облыста пайдаланылмаған 330 мың га жердің 210 мыңы қайтарылды.
Бұл – жоспардың 63 пайызы. Қалғаны бойынша әлі тиісті жұмыс жүргізіледі. Қайтарылған жерді әкімдіктер жөні түзу, жауапкершілігі мол азаматтарға береді.

Гүлден Сембаева