Елде қызылша өршіп барады. Жұқпалы ауру 15 мыңнан астам отандасымыздың бойынан табылып отыр. Оның 83% – 14 жасқа дейінгі балалар. Соңғы дерекке сүйенсек, аққайыңдар өлкесінде 49 жағдай зертханалық түрде расталған. Жақында қаламыздағы Ұлттық ұланның әскери академиясы індет ошағына айналды. Мұнда тепсе темір үзір жігіттер инфекция жұқтырған.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Әскери академия қабырғасында 1 жағдай тіркелді. Сонымен қатар, онымен қатынаста болған 14 адам анықталды. Әлі де күдіктілер бар.
Өңірде тіркелген науқастардық дені – петропавлдық. М. Жұмабаев, Аққайың, Айыртау, Мамлют, Қызылжар және Жамбыл аудандарында да жұқтыру жайты анықталды. Біреу білсе, біреу білмес, дер кезінде ауыздықталмаған қызылша адамға зор қауіп төндіруі мүмкін. Әсет Жұматаев салдарын жіпке тізді.
ӘСЕТ ЖҰМАТАЕВ, СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
– Қызылша өлімге де әкелу мүмкін. Ауру асқынса, есту қабілетінің бұзылуына, мидың қабынуы, өкпе ауруларына әкеледі.
Айта кету қажет, өткен жылдың осы кезеңінде өңірде қызылша жұқтыру жайты тіркелмеген. Әсет Жұматаев бұл вакцинациямен тікелей байланысты екенін айтты. Басшының сөзінше, қоғамда екпеге қарсы жандардың саны артқан. Осының әсерінен иммундау баяу жүріп жатыр. Сандарды сөйлетсек, аймақта 1661 бала вакцина алыпты. Бұл – жалпы жоспардан 6,3%-ы.
Байболат Құлтанов