Қазақстан жаңалықтары

2026-2028 жылдары инфляция 5 пайызға дейін төмендейді

Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында елдің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

«Болжамды қалыптастырудың негізіне мұнайдың бағасы барреліне 80 АҚШ доллары болғандағы базалық сценарий алынды. Болжам бойынша 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің нақты өсуі 5,3 пайызды құрайды. Кейін 2026-2028 жылдары 6 пайызға дейін өседі. 5 жыл ішінде жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық өсуі 5,8 пайызды құрайды. Номиналды жалпы ішкі өнім 2024 жылғы 135 трлн теңгеден 2028 жылы 218,5 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында оң динамика болады деп ескерілген. Шикізаттық емес сектор болжамды өсудің негізгі драйверлерінің біріне айналады», – деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4 пайызды құрауы мүмкін. Өңдеу өнеркәсібі орта есеппен 4,9 пайыз деңгейінде өседі және тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқынынан асып түседі. Нақты сектордағы өндірістің өсуі қызмет көрсету секторының орта есеппен 6,3 пайызға өсуіне ықпал етеді. Ішкі тұтынушылық белсенділік сауда қызметтерінің орта есеппен 7,4 пайызға өсуіне ықпал етеді.