Қоғам

Жүк тасымалдаушылар “Бидайық” өткізу бекетінде электронды кезек енгізуге наразы

Ауыр жүк тасымалдаушылары Ресейге “Бидайық” автомобиль өткізу бекетінде электронды кезек енгізуге қарсы. Облыстық кәсіпкерлер палатасына Ақжар және Уәлиханов ауданының азаматтары осы өзгеріске қатысты пікірлерін айтып жүгінген. Мәселе жуырда ғана бейінді кеңес отырысында талқыланды. Еске сала кетейік, қарашаның 1-інен бастап аталған өткізу бекетінде CarGoRuqsat деп аталатын электронды кезек жобасы пилоттық түрде іске қосылды.

АЙДОС КЕНБЕЙІЛОВ, СҚО кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Жүк тасымалдаушылардың сөзінше, бұл пилоттық жобаның енгізілуі шекарадан өту үшін қосымша ауыртпалық туындатып отыр. Кезекті брондау үшін веб-сайтта тіркелу, жүргізуші мен көлік туралы мәліметтерді енгізу және шекарадан өтудің сәйкес күнін таңдау қажет. Алайда, бұл жерде интернет нашар. Мәселе кәсіпкерлер құқықтарын қорғау жөніндегі кеңестің отырысында қаралды. Онда интернеттің сапасын арттыру туралы айтылды.

Сонымен қатар, жүк тасымалдаушылар шекарадан бір рет өткені үшін 1 АЕК көлемінде төлем жасауы керек екен. Бұл өзгеріс осы жоба аясында 2024 жылдың 1 қаңтарында күшіне енуі тиіс.

МЕРЕКЕ МҰХАНОВ, Уәлиханов ауданының тұрғыны:

– 1 МРП деген әжептәуір ақша. Күніне 1 МРП дейді 1 өткенге. Ал 10 рет өтсең 10 МРП болады. Өзім 2 рет өтетін күндерім болады. Жолда жүргеннен кейін бәрі болады. Бекетте кезек деген жоқ. Қызылтудан 3-4 сағат жүріп барасың. Байланыс деген бірде бар, бірде жоқ. Қазіргі уақытта ауданда 200-ге жуық тасымалдаушы бар, оның 150-і үйінде. Енді жігіттердің жартысының көшу ойларында бар.

Мемлекеттік кірістер департаменті мамандары бұл – қаржы министрінің бұйрығымен жасалып отырған қадам дейді. CarGoRuqsat арқылы түскен төлемдер шекараның инфрақұрылымын дамытуға жұмсалады.

ИНЕССА ҚУАНОВА, СҚО кәсіпкерлер палатасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы:

– Кеңес отырысында бізді Қаржы министрінің бұйрығы қаншалықты дұрыс екені қызықтырды. Бюджетке түсетін барлық міндетті төлемдер бірінші кезекте Салық кодексінде көрсетілуі керек. Бұл мәселені қарастыру барысында бізге: «Салық кодексіне жыл соңына дейін әлі де өзгерістер енгізілуі мүмкін» деп жауап берілді.

Мәселе алдағы уақытта тағы да қарастырылады. Осы орайда айта кетейік, ақпараттық-есептік орталығы мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда «Бидайық» бекетінен күніне орта есеппен 20-30 көлік өтеді.

 

Гульден Симбаева