Қоғам

Тайынша ауданындағы тірлік пен түйткілдер

Жергілікті журналистермен жүздесу кезегі Тайынша ауданының әкімі Берік Әлжановқа келді. Қос тілде еркін сөйлейтін атқамінер өзге әріптестері сияқты әр салаға тоқталды. Алғашқысы – ауыл шаруашылығы. Өкінішке қарай, биыл аудан диқандары асыр салмады. Себебі, жылда мол өнім жиналатын алқаптар айыз қандырарлық астық бермеді.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– Дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы 8,2 га/ц құрады, майлы дақылдар бойынша 5,4 га/ц құрады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштер біршама төмен. Бірақ, құбылыстарға қарамастан көкөніс шаруашылығында жақсы нәтижелер бар. Бұл аудан агроқұрылымдарының суарудың жаңа технологияларын енгізіп, қолдануына байланысты.

Мысалы, аудандағы бірнеше құрылым картоп алқаптарын тамшылатып суарды қолға алыпты. Нәтижесінде әр гектардың өнімділігі орта есеппен 299 центнерді құраған. Тайыншалықтар мал шаруашылығын ұмыт қалдырмайды. Бірнеше тауарлы-сүт фермасы ашылды. Әлі де салынып жатқандары бар.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– “Асар” ЖШС 600 басқа арналған сүт фермасын салуда, іске қосылуы келесі жылға жоспарланған. “Зеленые Луга” ЖШС 400 басқа сүт фермасының құрылысын жоспарлауда. Осының барлығы мемлекеттік бюджеттен төмен проценттік ставкамен несиелендіру нәтижесінде қолжетімді болды. “ЕМС агро” ЖШС 150 мың басқа арналған шошқа кешенінің құрылысын аяқтауда.

Қуантарлық тағы бір жайт, осы жобаларды іске қосу нәтижесінде аудандағы 160-тан астам тұрғын жаңа жұмыспен қамтылады. Қыстың қытымыр мінезінен Тайынша ауданында да электр қуаты өшкені хабарланды. Бірақ, мәселе 2 тәулікте шешімін тапқан. Жарықпен Алабота ауылы соңғы болып қамтылыпты.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– Ауа райы тағы өзгеріп жатыр. Апаттық жағдай болуы мүмкін. Біз дайынбыз.

Сұрақ-жауап сессиясындағы сауалдардың бірі «Биохим» зауытына қатысты болды. Аталған кәсіпорынның екінші тынысы ашылып, өңір өндірісіне дем бергені белгілі. Алайда, соңғы жылдары маңайдағы ауылдарға жағымсыз иіс тарайтын болған. Әкім мәселемен таныс. Бұрын зауыт қалдықтары сыртқа төгілген екен. Содан бірсыпыра төңіректе қолайсыз жағдай туындаған.

БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:

– Қазір өндіріс басқа бағытқа бұрылды. Қалдықтардың құрамында жағымсыз иіс шығаратын заттар жоқ. Ол заттар азық ретінде бордақылау алаңдарына жеткізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, қазір зауыт маңындағы қалдық төгілген орындар тазартылып жатыр. Істің жартысы аяқталыпты. Жұмыс жалғасын таппақ.

 

Байболат Култанов