Қоғам

Облыстық қоғамдық кеңес отырысы

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында бірінші қаралған мәселе – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында атқарылған жұмыстар. Мінберге жауапты басқарманың бөлім басшысы шықты. Бұған қатысушылар таңдасын білдірді. Олар жалпы мән-жайдан хабардар басшыны күткендерін тура айтты. Спикер ретінде шақырылған Азат Омаров жағдайды былай түсіндірді.

АЗАТ ОМАРОВ, СҚО кәсiпкерлiк және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– Бастық Астанаға оқуға кетті. Ал оның міндетін атқарушы облыс әкімі өткізіп жатқан жиналысқа қатысуда. Сондықтан, мен келіп отырмын.

Мән-жай түсіндірілді. Кеңес мүшелерінің рұқсатын алған соң спикер алдындағы қағазға сүйене отыра баяндама жасады.

АЗАТ ОМАРОВ, СҚО кәсiпкерлiк және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:

– 1-ші қарашадағы деректерге сүйенсек, облыс аумағында 35 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілі еңбек етеді. Бұл көрсеткіш 3 жыл ішінде 0,5 пайызы артты. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында іскер жандар өндірген өнім көлемі былтырғы көлемнен 7,9 пайызға асып түсті.

Ақшаға шаққанда, жергілікті шағын және орта бизнес өкілдері 157 млрд теңгенің өнімін өндірген. Негізінен баяндама сандардан тұрды. Бұл кеңес мүшелеріне ұнамады десек болады. Павел Афанасьев саладағы мәселелер тыста қалғанына қапалы.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Бұл сынды Азат Омаров мұқият тыңдады. Мұнымен кеңес мүшелері тыйылмады. Олар баяндамадағы сандарға күмәнмен қарайтынын жеткізді. Спикер түсіндіруге тырысты, оның сөзін осы салаға қатысты өзге жандар жалғады. Бірақ, жиналғандардың жауапқа көңілдері толмады. Келесі болып ортаға жұмыспен қамту жайын қаузаған Серік Тоқымбаев шықты.

СЕРІК ТОҚЫМБАЕВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

– Жыл басынан бері бағдарламаға 17 мыңнан астам азамат қатысты. Оның ішінде 9 мыңнан астам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Кезек сұрақ-жауапта. Бірақ, кеңес мүшелері алғашқы спикер сияқты Серік Тоқымбаевты жерден алып, жерге салған жоқ.

 

Байболат Култанов