Қоғам

“Құқықтық көмек” жобасы аясындағы көмек

Бүгін қалалық прокурор, полиция басқармасы бастығының орынбасары мен мәслихат депутаттары, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл – бәрі бір жерге жиналды. Түрлі сала өкілдерінің бас қосудағы мақсаты – қала тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдап, көмек беру. Мәселесін арқалап келгендердің бірі алаяққа тап болса, екіншісін зейнетақы көлемі алаңдатады. Қала тұрғыны Талғат Хамзин баспана бұйымтайымен келіп отыр. Айтуынша, пәтер кезегіне көпбалалы жан ретінде тұруы тиіс анасын зейнеткер ретінде тіркеп қойған. Тіпті, әлі күнге дейін өзгерте алмай әлек.

ТАЛҒАТ ХАМЗИН, қала тұрғыны:

– 2014 жылы менің анамды пәтер кезегіне көпбалалы ана ретінде қою үшін құжат жинадық. Өткен жылы нешінші орында тұрғанын қарадық. Шамамен 1900-шы орында болды, бірақ көпбалалы емес, жай ғана зейнеткер ретінде тіркеген.
Кейін мен осы мәселемен сондағы мамандарға бардым. Бірақ, олар менің ісімді әлі күнге дейін таба алмай жатыр, тіпті мән берер емес.

Сөйтіп, жабулы қазан жабулы күйінде қала берсе керек. Қала прокуроры Арман Нұртазин азаматтың бұйымтайын тыңдап болғаннан кейін, бұл істің бұлай қалмайтынын айтты. Талғат Хамзинді өз қабылдауына жазып алады.

АРМАН НҰРТАЗИН, Петропавл қаласының прокуроры:

– Өткен аптада ғана осы мәселені көтерген болатынбыз. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің өкілдерімен жиналыс өтті. Маған сіздің сол кезде жазған өтінішіңіздің көшірмесі керек. Біз сол арқылы мәселені қайта қарап, шешімін табамыз.

Жалпы, бүгінгі жиынға мәселесін шеше алмай жүрген 6 азамат қатысты. Іс-шара бейсенбі күнге дейін жалғаспақ.