Қоғам

Электр энергиясының үзілуіне қатысты жағдай

Аққайыңдар өлкесінде ауа райы бір-ақ күнде өзгерді. Қара күз деп жүргенде сенбіде төпеп қар жауды, еріді, артынша қатты. Ат құлағы көрінбейтін боран да соқты. Мұның бәрі тозған электр желілері мен бағаналардың тастай қатуына, үзілуі мен зақымдануына алып келді. Салдарынан 8 аудандағы 217 елді мекен немесе 33 мыңнан астам абонент жарықсыз қалды.

АЛЕКСАНДР ЧЕКУЛАЕВ, «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директоры:

– Дәл қазіргі уақытта Жамбыл ауданында электр энергиясын беру толық қалпына келтірілді. Мағжан Жұмабаев, Аққайың, Тимирязев, Шал ақын, Есілде әлі мәселе шешілген жоқ. Бригадаларымыз жұмыс істеп жатыр. Мамандарға петропавлдық әріптестері көмектеседі. Облыс орталығынан Аққайың ауданына қосымша топ аттанды.

Ең күрделі жағдай Мағжан Жұмабаев ауданында тіркелгенін айта кету қажет. Мұнда қыстың қытымыр мінезіне темірдің өзі шыдас бермей, тұтас аудан жарықсыз қалды.

АЛЕКСАНДР ЧЕКУЛАЕВ, «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ бас директоры:

– Біз қазір Мағжан Жұмабаев ауданында, нақтырақ айтсақ, бағананың жоғары бөлігі құлаған жерде тұрмыз. Мәселе күрделі. Оны біржақты ету бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Тұрғындар электр қуатынсыз қалмайды. Біз ауданға көрші Ақмола облысы мен Ресейден энергия тарттық. Абоненттеріміз біртіндеп қосылатын болады.

Қызмет ету мерзімі жарты ғасырды құрайтын бағана 1964 жылы қойылыпты. 2015-те ауыстыру жұмыстары жүргізілген екен. Тағы аз-кем сандарды сөйлетейік. 1 метр электр сымының салмағы – 1,5 келі. Жалпылай алсақ, баған 300 келі сымды көтеріп тұр. Қатқан мұз бен желдің әсерінен жүктеме біршама есеге артқанға ұқсайды.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:

– Біз әлеуметтік нысандардағы температураның төмендеуіне жол бермедік. Барлық ауруханалар, соның ішінде реанимация бөлімшелері, мектептер резервтік қуатпен қамтамасыз етілді. Жылу беру жоспарға сай өтуде. Таңғы 9-да 110-ға жуық ауыл жарықсыз отырды. Жарты сағат сайын 3-4 ауыл қосылып жатыр. Мәселе біздің қатаң бақылауымызда болады. 23-і күні ауа райы тағы өзгереді деген болжам бар.

Соңғы деректерге сүйенсек, қазір облыста 7 мыңға жуық жарықсыз отыр. Бел жазбай тер төгіп жатқан мамандар қызметтердің күшейтілген режимге ауысқанын атап өтіп, ағымдағы жағдайға түсіністікпен қарауды сұрайды. Болжам бойынша өңірде ахуал 3 күнде толығымен тұрақталады.

 

Байболат Култанов