СҚО әкімдігіМТРА жаңалықтарыАптадағы маңызды жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық және кәсіпкерлік мәселелері талқыланды

2023 жылы мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға 81,2 млрд теңге бөлінген. Жалпы, бүгінде бизнес өңірлік өнімнің кем дегенде 30 пайызын, ал түскен салықтың 60 пайызын қамтамасыз етеді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Cолтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Президент жыл сайын отандық бизнесті қолдау және дамыту мәселесіне ерекше мән беріп отырады. Бүгінгі таңда облыста кәсіпкерлікті дамытудың оң нәтижелерін көріп отырмыз. Мәселен, 2021 жылдан бастап кәсіпкерлік субъектілерінің саны 5 мыңға өсті, олардың әрқайсысы кем дегенде 2-3 жұмыс орнын ашты.

Жиында сөз болған негізгі мәселе – жемқорлық. Өңірге іс-сапармен келген Саян Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы бойынша мониторинг жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атап өтті.

САЯН АХМЕТЖАНОВ, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің превенция қызметінің басшысы:

– Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру мақсатында еліміздің барлық облыстарында 156 әлеуметтік нысан орнатылды. Солтүстік Қазақстан облысында 4 әлеуметтік нысан бақылауға алынды. Бұл нысандарға 1,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Сондай-ақ, Саян Ахметұлы елімізде «Бизнеске жол» жобасы жұмыс істеп жатқандығын айтты. Оның басты мақсаты – кәсіпкерлік субъектілердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою. Бүгінде бұл жоба аясында 580 мәселе шешіліп, 25 мың кәсіпкерге көмек көрсетілген. Солтүстік Қазақстан облысында да нәтиже жаман емес.

АЙДОС ЖҮНІСОВ, СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары:

– Биыл Департамент 20-дан астам кездесу өткізді. Кәсіпкерлік субъектілерімен кездесу үшін барлық ауданды араладық. 2023 жылдың 23 қаңтарында «Атамекенмен» бірлескен «Бизнеске жол» жобасы іске қосылған болатын. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып 26 іс өз шешімін тапты.1300-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды.

Кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғау- кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Осы жылы өңірлік кәсіпкерлер палатасына кәсіпті қорғау бойынша 114 өтініш келіп түскен екен. Оның 51 пайызы, яғни 59-ы оң нәтижеге қол жеткізген. Қорғалған меншік құқығының соммасы – 267 млн теңгені құраған. Бірақ, әлі де шешуді қажет ететін мәселелер бар.

ЖЕҢІС ҚАЗИЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Жедел шешуді қажет ететін мәселе бұл – қосымша құн салығы. Солтүстік Қазақстан облысының өзінде 4,5 млрд теңге қосымша құн салығын мемлекетке қайтарылмаған. Екінші мәселе – кадр тапшылығы. Дамыған заманда техникалық мамандықтарға сұраныс артуда. Ал, ауыл шаруашылығы және агрошаруашылығына қажетті- дәнекерлеуші, мал дәрігері, қасапшы, бағбан секілді т.б мамандар тапшы. Осындай жұмыс күшінің айтарлықтай тапшылығы бүкіл саланың дамуына кері әсерін тигізеді.

Кеңейтілген отырыс барысында қатысушылар да өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ол мәселені шешу жайын талқылады.

ӘЙГЕРІМ КЕРЕЙБАЕВА, кәсіпкер:

– Өңірімізде ерекше күтімді қажет ететін балалар бар. Олар реабилитацияға мұқтаж. Облыстық балалар ауруханасына жазылайын десе уақыты аз. Ал, Астанадан маман шақырсам ол тек айына 1-2 рет қана келе алады. Бірақ, бізге қарағанда массаж құны арзандау. Менің өзімнің жеке орталығым бар. Бірақ, дамытуды қажет етеді. Арнайы орын жалдау қиын. Қалада қараусыз қалған үйлер, ғимараттар бар. Оларды жөндеу жұмысынан өткізіп, керемет орталық ашуға болар еді. Осы орайда қандай көмек көрсете алар едіңіздер?

Бұл сұраққа облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев жауап беріп, шешімін табатындығын айтты. Жалпы, жиын барысында кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау секілді өзекті мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, жемқорлықпен күресу жолдары да сөз болды. Және аймақ басшысы Солтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық деңгейі төмен өңірлердің қатарына кіретінін айтып, бұдан да үздік нәтижеге қол жеткізуді тапсырды.

 

Гульден Симбаева