ТЖ

Ажал аузынан ерлі-зайыпты зейнеткер құтқарылды

Тәртіп сақшылары ерлі-зайыпты зейнеткерді ажал аузынан құтқарды. 19 қараша күні Жас өркен ықшам ауданында орналасқан жеке үйден қою түтін шыққан. Мұны қырағы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері байқап қалады. Олар бірден өрт сөндірушілерді шақырып, оқиға орнына жетеді. Баспанада 70 және 71 жастағы қала тұрғындары болыпты. Жылдам қимылдаған мамандар іштегі зейнеткер мен газ баллонын сыртқа шығарады.

ЖӘНІБЕК ӘНУАРБЕКОВ, Петропавл қалалық ПБ ППБ қызмет инспекторы:

– Полиция старшинасы Қанат Балтабаев екеуіміз жер үйге кірдік. Газ баллонын және үйдегі кісіліерді сыртқа шығарып, көмек қолын создық.

Өрт сөндірушілер де жылдам әрекет етті. Олар тілсіз жауды сөндірді, оттың электр желілерінен шыққанын анықтады. Ешкім зардап шекпеді.

СЕРГЕЙ КОРОЛЕВ, қала тұрғыны:

– Көрші үйде бас көтерген от біздің үйге келген. Осы сәтте ата-анам іште болған еді. Полиция қызметкерлері дер кезінде жетті. Нағыз батылдық танытты. Әр қызметкерге алғысымды білдіремін.

Өрт толықтай ауыздықталғаннан кейін Жәнібек Әнуарбеков пен Қанат Балтабаев өздеріне бекітілген учаскеде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аттанған.

 

Мадина Каби