МТРА жаңалықтары

Ауыл мектептері оқушылары арасында тұңғыш республикалық пәндік олимпиада өтуде

Ауыл мектептері оқушылары арасында республикалық пәндік олимпиаданың бірінші кезеңі бастау алды. Соның бірі № 2-ші Бескөл орта мектебінде ұйымдастырылды. Білім бәйгесі басталмас бұрын жастар акт залына жиналды. Мұнда тиісті ереже түсіндірілді. Айта кетейік, бүгін дарынды балалар ағылшын тілі пәнінен бақ сынайды. Оған қатысуға 8 бала өтінім берген. Ал қарашаның 27-сі күні математикадан өтетін
олимпиадаға осы мектептің оқушысы Ляззат Серікпай қатыспақ.

ЛЯЗЗАТ СЕРІКПАЙ, №2 Бескөл орта мектебінің оқушысы, Қызылжар ауданы:

– Олимпиада ауыл балаларын қолдау мақсатында өткізіліп жатқанына қуаныштымын. Менің дайындығыма 2 айдай уақыт кетті. Сайысқа математика пәнінің мұғалімімен және репетитор жалдап дайындалдым.

Республикалық пәндік олимпиадада 85 мыңнан астам жоғары сынып оқушысы бақ сынамақ. Ал облысқа келер болсақ, 3 мыңға жуық бала қатысады. Дода 13 пән бойынша өтеді. Ұл-қыздар өздерімен бірге тек қаламсап және қағазбен кіруі қажет. Олардың іс-әрекеті камералар арқыла да қадағаланады. Айта кеткен жөн, мұндай іс-шара елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр.

ҚУАНЫШ БЕЛГІБАЙ, “Қызылжар дарыны” дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры:

– Жалпы, Қызылжар ауданы бойынша 460 адам қатысып жатыр. Ел бойынша оқушылар 10:00-де олимпиадаға кіріседі. Тапсырмалар auyl.daryn.kz сайтында бар. Барлық тапсырмалар компьютерде шығады, яғни онлайн түрде. Олимпиада қарашаның 28-іне дейін болады.3;12/ Неміс тілі мен француз тілі бұл олимпиадаға кірмейді.

Айта кетейік, дода 3 кезеңнен тұрады. 2-ші іріктеу кезеңін желтоқсан айында білім басқармалары өткізеді. Онда сүрінбегендер Астана қаласында өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алады.

 

Гульден Симбаева