Білім

Мектеп директорларының орынбасарлары НЗМ-да тағылымдамадан өтіп жатыр

Қаладағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде мектеп директорларының орынбасарлары тағылымдамадан өтіп жатыр. «Білетінім бір тоғыз, білмейтінім тоқсан тоқсан тоғыз» демекші, 5 орынбасар бір аптаның ішінде мектеп жұмысымен танысып, тиісті тәжірибе жинақтады. Соның ішінде оқыту сапасын басқару, сабақ жоспарын дұрыстау бағыттары қамтылды.

СӘУЛЕТ МҰҚАНОВА, Химия-биология бағытындағы НЗМ директорының орынбасары:

– Бірінші күннен бастап мектептің миссиясымен таныстыру, оқу-тәрбие, ғылыми бағыттағы жұмысты жоспарлау, бойынша жұмыстар таныстырылды. Әр күн бойынша тағылымдадан өтушілерге жоспарланған бағдарлама бойынша теориялық және практикалық білім бердік. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің тәрбиелік бағыттағы жобаларын жүзеге асыру бойынша сессия ұйымдастырдық.

Тағылымдамаға қалалық және Уәлиханов пен Шал ақын аудандарының мектеп өкілдері қатысты. К.Салықов атындағы орта мектебі директорының орынбасары Байназар Молғаждаровтың айтуынша тәжірибе алмасу процесі тиімді өткен.

БАЙНАЗАР МОЛҒАЖДАРОВ – К.Салықов атындағы орта мектебі директорының орынбасары, Шал ақын ауданы:

– Тағылымдаманың барысында бір тәрбие ісі, оқу ісі, әдістемелік бағытта біраз ақпарат, пайдалы дүние алдық. Алдағы уақытта НИШ мектебінің озық тәжірибесімен өзімнің мектебімде пайдаланбақшымын. Мысалы, «100 ән», «100 кітап» жобалары өте қызықты. Сол дүниелерді біздің мектепте іске асыруға болатынына сенімдімін.

Шара Педагогикалық шеберлік орталығының «Білім берудегі өзгерістің 100 көшбасшысы» кадрлық резерві жобасы аясында ұйымдастырылды.

 

Мәдина Қаби