Қоғам

Ақжар ауданының даму қарқыны

Журналистер алдындағы есептік кездесуді Ақжар ауданының әкімі Қанат Қалиев жалғады. Өкінішке қарай, биыл ақжарлық диқандар өзгелер сияқты көл-көсір астық жинай алмады. Дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың гектар берекелігі небәрі 5,8 центнерді құрапты. Дегенмен, еңсені түсіруге болмайды. Бүгінгі таңда аудан билігі мен іскер жандар алдағы көктемге дайындалып жатыр.

ҚАНАТ ҚАЛИЕВ, Ақжар ауданының әкімі:

– 3 312 тонна элиталық тұқым әкелінді, сортты жаңарту пайызы 9,6% құрады. Жыл басынан бері 1,9 млрд. теңгеге 220 жаңа техника мен құралдар сатып алынды.

Пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтару, өндіріс, құрылыс, жол жөндеу сынды салаларда да оң өзгеріс бар. Ел билігі жүктейтін негізгі тапсырманың бірі – халықты жұмыспен қамту. Бұл бағытта да аз-кем шаруаның басы қайрылыпты.

ҚАНАТ ҚАЛИЕВ, Ақжар ауданының әкімі:

– Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 155 адам қамтылды. “Бірінші жұмыс орны”: 20 адам, “Ұрпақ келісімшарты”: 1 адам, “Күміс жас”: 22 адам. Бос жұмыс орындарына 413 адам жұмысқа орналастырылды.

Бұдан кейін Қанат Қалиев білім беру, денсаулық және дене шынықтыру салаларында атқарылған жұмысты баян етті. Ендігі кезек – тілшілерде. Аудан тұрғындары әріптестеріміздің біріне хабарласып, Ақсарыда ауыз судың тапшылығын және жолдың жайын жеткізіпті.

ГҮЛНӘР ҚАЛИЕВА, Qazaqstan Media сайтының тілшісі:

– Ұялыға дейін жол бар, ал Ақсарыға дейін жол жоқ дейді.

ҚАНАТ ҚАЛИЕВ, Ақжар ауданының әкімі:

– Ақсары мен Ұялының арасы 18 шақырымды құрайды. Оны біз келесі жылы жөндейміз.

Су тапшылығына келсек, Ақсары ауылы маңында жер асты суы азайыпты. Әрі тіршілік көзі тұзды екен. Осыны ескеріп, әкімдік тұзды суды тұзшыға айналдыратын арнайы жабдықты әзірге су шығып тұрған үшінші құдыққа орнатпақ.

 

Байболат Култанов