СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ: «Емдеу мекемелеріндегі қызмет сапасы көңіл көншітпейді»

Аппарат жиналысы тағайындаудан басталды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың бұйрығымен мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысы лауазымына Ержан Құлымбетов тағайындалды. Ғауез Торсанұлы жаңа басшының жұмысына сәттілік тіледі. Өңірде 2019 жылы “Qyzyljar” арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Оның жалпы аумағы 212,3 га құрайды. Республика бойынша жұмыс істеп тұрған 13 экономикалық аймақтың ішінде “QYZYLJAR” – алып жатқан аумағы бойынша ең кішкентайы.

Эльдар Исмағұлов, облыстық кәсіпкерлік және индустриялы-инновациялық басқармасының басшысы:

– АЭА-та 4 субаймақ бар. Қазіргі уақытта оның 1-шісі және 4-шісі 100 пайызға толған. Ал 2-ші аймақта 10 400 шаршы метр ғимарат бар, 1,1 гектар жер учаскесі бос. Ал 3-ші аймақта 38,45 гектар жер бос жатыр. Қазіргі уақытта 12 жоба тіркелген. Жалпы инвестиция көлемі 287,3 млрд теңгені құрайды. Қазір 3 кәсіпорын жұмысын бастаған. Олардың инвестиция көлемі 19 млрд теңгені құрады және 309 тұрақты жұмыс орны ашылды.

Алдағы уақытта «Қызылжар» экономикалық аймағында тағы 6 жоба іске асырылмақ. “Qyzyljar” республика бойынша ең соңғы құрылған экономикалық аймақ болып табылады және бүгінгі таңда шетелдік және отандық бизнес өкілдері тарапынан өңірге инвестиция салуға сұраныс артқан. Биыл “Reimann” неміс компаниясы тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауытты кезең-кезеңімен іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаның жылдық қуаты – 150 техника. 2024 жылы да экономикалық аймақта атқарылатын жұмыс ауқымды.

ДУЛАТ ШАРАПИДЕНОВ, «QYZYLJAR» АЭА басқарушы компания басшысының міндетін атқарушы:

– 2024 жылдың сәуір айында Ресейдің “Нанпром” компаниясы құрылыс жұмыстарын бастайды. Инвестиция көлемі – 37,3 млрд теңге. Жаңа 370 жұмыс орны ашылады және “Atameken-Agro” ірі отандық холдингі 2024 жылдың 2 тоқсанында тәулігіне 1 200 тонна өнім шығаратын мұнай экстракция зауытын салуға кіріседі. Инвестиция сомасы – 19,4 млрд теңге және «PROSOL» италияндық компаниясы да өз зауыттарын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, 3-ші субаймақта «KazOilseed processing» өсімдік майын шығаратын зауыты, «GORTEK» ресейлік инвесторлар да зауыттарының құрылысын келесі жылы бастауды жоспарлап отыр.

Жаңа кәсіпорындар салумен қатар, келесі жылы «Қызылжар» АЭА аумағын кеңейту мәселелері де қарастырылып жатыр. Аймақ басшысы тиісті басшыларға №3 және №4 субаймақтарына инженерлік желілерді тарту жобаларының сапалы әрі уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– «Қызылжар» АЭА аумағын кеңейту мәселесін назарға алу керек. Қазір аймақ аумағында жұмыс істейтін 3 кәсіпорын өткен 10 ай ішінде 63 млрд 600 млн теңгеге өнім шығарды. Аймақтағы 3-4 субаймақтарда инженерлік желілер дұрыс тартылмаған. Әлі олқылықтар бар және бұл мәселе шешілмей тұр. Біздің аймаққа қызығушылық артқан. Бірақ, инвесторлардың көбі инженерлік желілерді толықтай тартып беруді сұрайды. Ол дегеніміз – қарапайым жылу, су және жол мәселесі. Бұл мәселе шешілмесе ешкім өз жобаларын іске қоса алмайды. Сондықтан, бұл мәселені тез арада қалай шешетіндеріңізді маған қағаз бетіне түсіріп көрсетіңіздер.

Күн тәртібіндегі екінші тақырып – денсаулық сақтау саласын дамыту. Бас дәрігердің сөзінше, өңірде бала туу көрсеткіші 1,6 пайызға төмендеген және дүнеиге келген бала санынан өлім-жітім көрсеткіші жоғары. Мәселен, өткен 8 айда 3791 бала туса, 3890 адам қайтыс болған.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Есіл және Аққайың ауданында бала туу көрсеткіші төмен. Соңғы жылдары облыста жалпы туу көрсеткіші төмендеп жатыр және өткен 9 айда өңірде 1 ана өлімі тіркелді. Өткен жылы ана өлімі тіркелген жоқ. Өкінішке қарай, өткен 9 айда 1 жасқа дейінгі 37 бала көз жұмды. Алайда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға төмен.

Облыста 46 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған, оның 8-і жыл соңына дейін ашылмақ.

ҚҰМАР КҮСЕМІСОВ, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Возвышенка ауылындағы дәрігерлік амбулатория 68 пайызға, Қарақоғадағы амбулатория 72 пайызға, Прибрежное ауылындағы амбулатория 75 пайызға, Якорь 65 пайызға дайын және “Береке” шағын ауданындағы емхана салынып жатыр. Кішкенекөл ауылында да емхана құрылысы басталды. Келесі жылы құрылыс жалғасады және 480 орынға шақталған көпбейінді облыстық аурухана құрылысы да жүріп жатыр. Сметалық құжаттамаларын әзірлеп және мемлекеттік сараптамадан өткізу жүргізілуде.

Сондай-ақ, облыстағы 27 емдеу мекемесін қамтыған жөндеуге 2 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда тек 8 мекемеде жұмыс аяқталған. Ғауез Нұрмұхамбетов «Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы нысандар құрылысының мерзімінде аяқталуын ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ, күрделі жөндеуді сапалы жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Денсаулық сақтау саласына қыруар қаражат бөлінсе де қызмет сапасы көңіл көншітпейді. Емдеу мекемелеріндегі жөндеу жұмыстары да тым баяу жүргізіліп жатыр. Әрбір аудан әкіміне мердігерлермен жеке сөйлесіп, қадағалауды тапсырдым. Алайда, нәтиже жоқ. Неліктен уақытынан кешігіп жатыр. Жалпы, өңірде денсаулық сақтау саласына келетін шағым да, наразылық та өте көп. Дәрі жетіспеушілігі де өте өзекті. Мұның барлығын шешу керек. Қыруар ақша бөлініп жатыр. Өте үлкен сала. Барлық жауапты мамандарға жыл соңына дейін әрбір түйіткілді мәселені шешуді тапсырамын.

Айта кетерлігі, салада кадр тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. Бүгінде облысқа 144 дәрігер қажет. Осы орайда аймақ басшысы мамандарды тарту жұмыстарын жалғастырып, ауылдарға келетін дәрігерлерге барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

 

 

\QYZYLJAR TV\