Білім

«Дебют» жас педагогтер байқауының облыстық кезеңі өтті

Петропавлда «Дебют» жас педагогтер байқауының облыстық кезеңі ұйымдастырылды. Сайыс қатарынан 5 мектепте өтіп жатыр. Қатысуға ниет білдірген 70-тен аса маманның ішінен 28-і іріктеліп алынған. Айта кетейік, білім додасына кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар мұғалімдер ғана қатыса алады.

ДИАННА ҚАЗБЕКОВА, облыстық білім басқармасының әдіскері:

– Жас педагогтер өздерінің ашық сабақтарында жаңа технологияларды, жаңа әдіс-тәсілдерді қолданып, көрнекі құралдарды пайдануда. Қазақстан тарихы, қазақ тілі, ағылшын тілі, орыс тілі пәндерінен ашық сабақтар өткізуде.

Сымбат Мыңжанова Новоникольское ауылындағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Мұғалім ретінде жұмыс істеп жатқанына 2-3 ай ғана өтсе де байқауда бағын сынауды жөн көрген.

СЫМБАТ МЫҢЖАНОВА – байқауға қатысушы, Қызылжар ауданы:

– Бұл сабаққа дайындалу үшін, маған оқытушыларым, түгел мектеп көмектесті десе де болады. Осы сабақ бойынша өзімнің эмоцияларыммен бөліскім келіп отыр, мен үшін бұл үлкен жетістікке жетудің бірінші қадамы деп санаймын және бұл маған маңызды тәрбиелік жағынан да, оқыту жағынан да маңызды сабақ болып тұр.

Жас маманның сабақ жүргізуін қазылар алқасы бір мақтап алып, сындарын да айтты.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, білікті жандардың пікірінен жас педагог терең ой түйді деген сенімдеміз.

 

Мадина Каби