МТРА жаңалықтары

Қалауын тапса қар жанар

Арнайы қондырғы өз ісін мүлтіксіз орындап жатыр. Жұмыс барысын адам бақылап отырса болғаны. Шағын цехтағы бірнеше заманауи жабдықты петропавлдық жас кәсіпкер Кенжебек Таңатов мемлекет қаржысына алған екен.

КЕНЖЕБЕК ТАҢАТОВ, жеке кәсіпкер:

– Бәрін бір станокпен бастадым. Лазерлі қондырғы мемлекет қаржысына алынды. Онымен сыйлық ретіндегі портреттер жасадым. Одан кейін де мемлекет көмегіне жүгіндім. 5 млн теңгенің грантын ұттым. Офисті кеңейттім.

Карантин кезінде жеке кәсіп бастап, қазір білдей бір жарнама агенттігіне иелік ететін Кенжебек биыл мынандай цех та салды. Іші жылы, жарық. Бастысы, дәл үйінің қасында орналасқан. Мұнда түрлі қағаздар, плакаттар басылады, ағаштан да бірқатар дүние жасалады. Сатып алушылар бар.

КЕНЖЕБЕК ТАҢАТОВ, жеке кәсіпкер:

– Ағаштан жасалған бұйымдар қазір сәнге айналды десем болады. Көбі алып жатыр. Материалды негізінен Астанадан, Алматыдан әкелемін.

Жеке кәсіпкердің қол астында 5 адам еңбек етуде. Оларға лайықты жалақы төленеді.

МҰРАГЕР ШАРИПОВ:

– Мұнда келгеніме 1 жыл болды. Жұмысым өзіме ұнайды. 200 мың жалақы аламын.

Кенжебек Таңатовқа қаржылай қолдау көрсеткен ұйымдардың бірі – “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры. Бүгінде аталған қор бірнеше бағытта қол ұшын созады.

ӘСЕЛ СЫЗДЫҚОВА, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚО бойынша филиалының бас менеджері:

– Кәсіпкерлерге қолдау 4 бағытта көрсетіледі. Олар: субсидиялау, екінші деңгейлі банктер кәсіпкерге 20% коммерциялық мөлшерлемемен несие береді. «Даму» қоры бұл мөлшерлемені 7-8 пайызға дейін төмендетеді. Келесі қолдау тәсілі – кепілдік. Өндіріс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлерді қолдаудың үшінші құралы – «Даму Өндіріс» бағдарламасы. Бағдарлама бойынша кәсіпкер үшін мөлшерлеме 6 пайызды құрайды. Қолдау көрсетудің тағы бір жолы – барлығына қолжетімді, тегін онлайн кәсіпкерлікті оқыту курсы.

“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры жаңа әріптестерді қарсы алуға дайын. Қолдау көрсетіледі. Ең бастысы – ниеттің болуы.

 

Байболат Култанов