БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған былтырғы Жолдауында жемқор шенді мен шекпендіден тәркіленген ақшаға мектеп салынатынын айтқаны бұқараға белгілі. Қазір Қазақстанның бірқатар аймағында осы бағытта құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тізімде СҚО да бар.
Петропавлдағы мына ғимарат жемқорлардан тәркіленген ақшаға салынып жатыр. Жобаның жалпы құны 1 млрд 850 млн теңгені құрайды.
АРЫСТАН ҚАЙЫРЖАН, СҚО құрылыс басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– Бұл – “Береке” ықшам ауданында салынып жатқан 300 орындық түзету мектебі. Оқу корпусы, 50 орындық жатын корпусы, кір жуу ғимараты және 2 автокөлікке арналған гараж болады.
Инклюзивті бағытта білім беретін мектеп-интернаттың құрылысы ағымдағы жылдың шілде айында басталды. Бүгінде істің жартысы аяқталған. Шаруаны жауапты басқарма ұдайы бақылап отырады. Кестеден қалуы байқалмайды. Мамандар осы қарқыннан таймаса, алдағы көктемде әлеуметтік маңызды нысанның есігі айқара ашылады.
АРЫСТАН ҚАЙЫРЖАН, СҚО құрылыс басқармасы бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
– Жергілікті «Зерттеу» компаниясы құрылыспен айналысып жатыр. 60-тан астам адам жұмылдырылған. Құрылыс келесі жылдың мамыр айында аяқталады деп жоспарлануда.
Өңірге мұндай заманауи мекеме ауадай қажет десек болады. Статистикаға сүйенсек, бүгінгі таңда аймақта 4 мыңнан аса ерекше бала бар. Соның 1700-і дені сау ұл-қыздармен бірге жалпы білім беретін орта мектептерде, бірақ, инклюзивті бағытта оқып жатыр. Айтпақшы, жергілікті билік “Берекедегі” жаңа оқу ұясына қабылданатын кадрларға мықтап көңіл бөлмекші.
ЕЛЕНА БАЛТИНА, СҚО білім басқармасының әдіскері:
– Қаламызда даму мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған №2 арнайы мектеп-интернаты бар. Сол мекеменің ұстаздары да, балалары да “Берекедегі” жаңа нысанға көшіріледі. Егер маман жетіспесе, министрдің 2012 жылдың 21 ақпанындағы №57 бұйрығы аясында жұмысқа қабылдау жүргізіледі. Яғни, қызметкерлерден арнайы диплом талап етіледі.
Осы орайда айта кетейік, өңір билігі тағы бір тың бастама – “Жайлы мектеп” ұлттық жобасы аясында да жоспар әзірледі. Аталған бағдарлама бойынша Петропавлда 4 заманауи білім ұясын салу көзделген. Бүгінгі таңда “Береке” және “Орман” ықшам аудандарында жұмыс басталды. Бұл іс Президент былтырғы Жолдауында көтерген өзекті мәселелердің шешілуіне септеспек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады.
Байболат Култанов