Қоғам

Түтін және улы газ датчигі – адам өмірінің сақшысы

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 496 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 27 адам қаза тауып, 22 адам жарақат алған. Ал материалдық шығын 430 млн теңгеден асып жығылады. Бұл сандар бас шайқатпай қоймасы анық. Тілсіз жау көп жағдайда не себепті бас көтереді? Көптің көкейіндегі сауалды жауапты сала маманына қойдық.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, Петропавл қалалық ТЖБ анықтаушысының міндетін атқарушы:

– Тұрғындар уақытында пештің түтін өтетін жолын тазаламайды. Пеште отын мен киім кептіру жайттарды да кездеседі. Еденге қаңылтыр қойылмайды. Шоқ түссе, өрт болуы мүмкін. Осыларды әрбір адам білуі тиіс.

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Пештегі жарықтардан немесе түтін шығатын мұржаны ерте жапқаннан үйдің ішіне улы газ тарауы мүмкін. Бұдан да қауіптену керек. Статистикаға сүйенсек, биыл өңірімізде 38 адам ыстан уланған. Өкінішке қарай, 11 тұрғын ажал құшыпты. Орны толмас шығынға бұдан былай жол бермес үшін бүгінде бейінді департаменттің бастамасымен аз қамтылған отбасылардың баспаналарына датчик орнатылып жатыр.

Дабыл қаққыш датчик оңай орнатылады. Бірнеше бұранды мен бұрағыш құрал болса жеткілікті. Үй иесі Аманжол Баймұратов мамандарға алғыс білдіруде.

АМАНЖОЛ БАЙМҰРАТОВ:

– Датчиктің болғаны дұрыс деп ойлаймын. Біз пеш жағамыз. Улы газ болады. Мамандар 1 жұма бұрын хабарласты, бүгін орнатып отыр. Алғыс білдіремін.

ДАНИЭЛЬ САРКИСЯН, Петропавл қалалық ТЖБ анықтаушысының міндетін атқарушы:

– Бүгінгі таңда Петропавл қаласы бойынша 520-дан астам датчик орнатылды. Олар улы газ тараған уақытта бірден дабыл қағады. Өздігінше сөнбейді. Үй иесі өзі сөндіруі керек. Әрбір үйге қажет қондырғы деп білеміз.

Түтін және улы газ датчигі – адам өмірінің сақшысы. Мұндай дүние күзет қызметіне қажетті дүниелер сатылатын дүкендерден табылады. Аса қымбат емес. Оны кез келген адам мамандардың қатысуынсыз үйіне орната алады.

 

Байболат Култанов