Елімізде биыл күзде жиналған астық республиканың нан мен ұнға деген қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Бұл туралы ҚР Үкіметінң отырысы барысында айтылды деп хабарлайды primeminister.kz. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алқап 24 млн гектарды құрады. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 652 мың гектарға көп. Бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде астық жинау науқаны аяқталуда. Облыс әкімдерінің мәліметінше әзірге жалпы 16,9 млн га жердің өнімі жиналған. Бұл бүкіл жоспардың 98,7 пайызын құрайды.
Жалпы астық түсімі – 16 млн тонна
Майлы дақылдар – 1,6 млн тонна
Көкөніс дақылдары – 4,3 млн тонна
Картоп – 3,5 млн тонна.
Жалпы, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күтілетін жалпы астық түсімі 16 млн тоннаны құрайды. Бұл 3 млн тонна көлеміндегі ауыспалы қалдықтарды ескере отырып, елді нанмен және ұнмен толық қамтамасыз етуге жеткілікті. Сонымен қатар, елімізде 4,3 млн тонна көкөніс дақылдары, 3,5 млн тонна картоп және 1,6 млн тонна майлы дақылдар жиналды.
Биыл диқаншылар үшін өте қиын жыл болды. Себебі, жаздың аптап ыстығы мен құрғақшылықтан алқаптағы егін қатты зардап шекті. Үздіксіз жауған жаңбыр астықтың сапасы мен түсімін төмендетіп жіберді деді Премьер-Министр.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
– Қолайсыз ауа райы диқанға да, техникаға да қолбайлау болды. Егін орағы ұзаққа созылып кетті. Элеваторларға түскен бидайдың 40 пайызға жуығы ешқандай класқа жатпайды. Алайда, қазақстандықтар биыл наннан тарықпайды. Өткен жылдан қалған қорды ескеретін болсақ, жиналған өнім көлемі ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етуге жеткілікті.
Айта кеткен жөн, отандық фермерлерге мемлекет тарапынан қажетті қолдау шаралары көрсетілген болатын. Яғни, айыппұл санкцияларын қолданбай, несиелер мен қарыздарды қайтару мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар, бидайды тікелей сатып алу үшін қаржы бөлу туралы шешім қабылданды.
ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министрі:
– Ішкі нарықта бидаймен проблема болмауы керек. Ұн және нан өнімдері Азық-түлік корпорациясы мен өңірлік тұрақтандыру қорларының резервтері арқылы қамтамасыз етілген. Бидайдың жаңа сорттарын өсіру жұмыстары нашар жүруде. Аграрлық ғылыми жүйені түбегейлі қайта құру қажет.
Сондай-ақ, Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту бойынша қосымша ынталандыру шараларын әзірлеуді тапсырды.
Гульден Симбаева