Қазақстан жаңалықтары

Шанхайға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесу өткізіп, онда екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды

Әлихан Смайылов Қазақстан Қытаймен достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестік байланыстарын нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті. Премьер-Министрдің пікірінше, қазіргі таңда енгізіліп жатқан визасыз режим екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды ынталандыруға, сауданы жеңілдетуге, өзара инвестицияларды ұлғайтуға және ҚР мен ҚХР арасындағы туризмді дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

«Визасыз режимнің 10 қарашадан бастап күшіне енуі біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтереді. Бұл әсіресе, алдағы “Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы” аясында өте өзекті. Менің ойымша, бұл шара азаматтарымыздың саяхатын қолжетімді етіп, біздің байланыстарымызды одан әрі нығайта түседі», — деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр Қазақстан Үкіметі Қытаймен ынтымақтастықтың орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерін салуға дайын екенін айтты. Өз тарапынан ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Қытай мен Қазақстан арасында қарқынды өзгеріп жатқан халықаралық жағдайдың сынақтарынан сәтті өткен өнімді көпқырлы ынтымақтастық орнағанын атап өтті.

«Мемлекеттеріміздің басшылары қарым-қатынасымызды одан әрі дамытудың басым міндеттері мен бағыттарын белгіледі. Біз қазақстандық әріптестерімізбен осы жоғары деңгейдегі келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру үшін күш-жігер жұмсауға дайынбыз. Мұндай ынтымақтастық біздің халқымыздың өмір сүру деңгейіне оң әсер етеді», — деді Ли Цян.