Қоғам

Петропавлда атышулы кеңес мүшелеріне қатысты сот отырысы өтіп жатыр

Өткен жылдың наурызы, Петропавл. Көктемнің алғашқы айында күллі Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға орын алды. Облыс орталығында заңға қайшы жиын өтіп, бір топ адам Қазақстаннан тәуелсіз Петропавл еңбекшілерінің халық кеңесін құру туралы мәлімдеді. Халық ду етті. Үй ішінен үй тігуді көздегендерге қарсы құзырлы органдар тиісті жұмысты бастады. Араға аз-кем уақыт салып, журналистер жауаптылармен жүздесті.

ҒАНИ ЖАЛБИ, СҚО прокуратурасы қылмыстық қудалау басқармасының бастығы:

– Политологтың және басқа да мамандардың қатысуымен сот сараптамалары жүргізілді. Соның қорытындысына сәйкес, сепаратизм белгілері анықталды. Бұл қылмыс ауыр қылмыстар санатына кіреді. 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазаланады. Бүгін қылмыс жасады деген күдікпен істің 3 белсенді фигуранты ұсталып, қамауға алынды.

Атышулы іс ақыры сотқа жетті. Алғашқы отырыс қазанның соңында өтті. Бүгін наурыздағы жиынға қатысқан, бірақ айыппұлмен шектелген жаннан жауап алынды. Залда күдіктілер де, куәгерлер де өздерін камераға түсіруден бас тартты.

Мына куәгерді наурыздағы жиынға сауда-саттық бойынша танысқан азаматша шақырыпты. Күдіктілерді білмейтінін айтты. Айтуынша, көктемде қайда бара жатқанын білмеген. Болған оқиғаны дұрыс түсіндіре де алмады. Көп дерек есінен шыққан екен… Залдағы прокурор сұрақтың астына алды.

Елден бөлінуді көздегендерге қатысты кезекті сот отырысы ертең өтпек. Онда да куәгерлерден жауап алынады.

 

Байболат Култанов