Мәдениет

Петропавлда «Бүркіт» фильмінің тұсаукесері өтті

Петропавлда толықметражды «Бүркіт» фильмінің тұсаукесері өтті. Оның режиссері – Данияр Ибрагимов. Арнайы жасақтың жұмысы көрсетілетін туындыны тамашалауға Ұлттық ұлан академиясының курсанттары мен офицерлері және әскери қызмет ардагерлері шақырылды.

НҰРБАЙ БЕКТҰРСЫНОВ, ҚР ҰҰ академиясы бастығының орынбасары:

– Ұлттық ұлан академиясы – қарулы күштер және “Бүркіт” сияқты ерекше бөлімшелердің кадрларын толықтыратын оқу орны. Біздің курсанттар алдарында қандай қызмет тұрғанын кинодан көрсе, ерекше әсер алады.

Фильмнің басты кейіпкерлері – арнайы жасақтың 3 сарбазы. Олар күрең берет кию үшін ең ауыр сынақтардан өтеді. Туынды көрерменнің көңілінен шығу үшін режиссер жедел-іздестіру шаралары сияқты күнделікті оқиғаларға басымдық беріпті.

Залға жиналған қауым «Бүркітті» кірпік қақпай тамашалады. Аға буын өкілдері де туындыдан мол әсер алды. Облыстық Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы Ерік Тәттібаев отандық су жаңа фильмді әрбір жас көруі қажет деп санайды.

ЕРІК ТӘТТІБАЕВ, СҚО Ауғанстан және жергілікті соғыс ардагерлері одағының төрағасы:

– Мен әскерде барлаушы болдым. Істің қиындығын жақсы түсінемін. Ал “Бүркіт” – бізден биік тұратын арнайы жасақ. Яғни, олардың жұмысы әлдақайда қиын. Бүгінгі фильмнің берері өте мол. Мұны көрген әрбір жастың бойында патриоттық сезім оянады. Тамаша бастаманың қолға алынғаны қуантады.

Фильмдегі табиғат ерекше көзге түседі. Айта кетейік, түсірілім жұмыстары Іле-Алатау ұлттық саябағының көрікті жерлерінде және Іле өзенінің жағасында жүргізіліпті.

 

Байболат Култанов