Қоғам

Мәжіліс республикалық бюджет туралы заңды қабылдады

Жалпы бюджеттің 30 пайыздан астамы немесе 7 трлн теңге өңірлерге бөлінеді. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысындағы 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау барысында айтылды. Баяндама жасаған Үкімет мүшелерінің айтуынша, жоба Президент тапсырмаларын орындауға, өңірлерді дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

ӘЛІБЕК ҚУАНТЫРОВ, ҚР Ұлттық экономика министрі:

– Республикалық бюджет кірістері 2024 жылы болжам бойынша 16,1 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге қатысты 11,9 пайыз деңгейін құрайды. Жоспарлы кезеңде олар 2026 жылға қарай 18,4 трлн теңгеге дейін немесе 14,1 пайызға өседі деп күтіліп отыр. Номиналды мәнде республикалық бюджет шығыстарының 2024 жылы 24 трлн теңгеден 2026 жылы 25,2 трлн теңгеге дейін дейін біртіндеп ұлғаюы болжанды.

Сондай-ақ, депутаттардың тікелей араласуымен бюджеттегі 2,5 трлн теңгеге жуық қаржы министрліктер мен әкімдіктер арасында маңыздылығына қарай қайта бөлінген. Бюджет шығыстарын Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферттер есебінен жабу үрдісі жалғасып келеді. Депутаттар Ұлттық қордан 2024-2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт пен республикалық бюджет туралы заңды қабылдап, Сенаттың қарауына жолдады.

 

Гульден Симбаева