МТРА жаңалықтары

“Кибер-Шериф” жүйесінің тиімділігі

Жаңағы айтылған “Кибер-Шериф” жүйесіне толығырақ тоқтала кетейік. Бұл жаңашылдықты полицейлер жуырда пайдалана бастады. Жолдағы бұзушылық фактілерін автоматты түрде тіркейтін бейнебақылау жүйесі өзінің тиімділігін көрсетті.

Әли Әбуов, СҚО ПД ППБ аға инженері:

– Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция батальонының қолданысына «Кибер-Шериф» деп аталатын екі мобильдік аппараттық-бағдарламалық кешен берілді. Келешекте олардың көмегімен жылдамдық режимінің және басқа да бұзушылықтарды тіркеуге болады. Аталған жүйе төңіректі 360 градуста бақылай алады.

Патрульдік машинаға орнатылған әр кешенде 8 бейнекамерадан бар. Жүйе көліктің ішін де, айналасын да аудио және бейне жазбаға жазып алады. Біреу жылдамдықты арттырды ма, жолдың қарсы бөлігіне шығып кетті ме, белгіленбеген жерге көлік қойды ма – бұның бәрі осы жүйеге таспаланады. Кешен жұмысына ешкім араласа алмайды, оның жұмысы планшетке келіп түседі.

Азамат Букуев, СҚО ПД ППБ инспекторы:

– Жолда қандай да бір бұзушылық тіркелсе, қарапайым жылдамдық өлшеуіш құралын пайдаланып, бүкіл жұмысты қолмен атқаратынбыз. Содан хаттама толтырамыз. Қазір бәрі автоматты түрде тіркеледі. Бұл процесс уақытты үнемдейді. Тіпті, іздеуде жүрген көлік құралдарын да, жалған нөмірді де осы базадан қарап тексеруге болады.

«Кибер-Шериф» деп аталатын қос жаңа кешен өңірдегі көлік қозғалысы көп жолдарда қазанның 30-ынан бастап пайдаланылып жатыр. Жалпы, жыл басынан бері облыста автоматтандырылған жүйелер жол жүрісі қағидаларының 76 мыңнан астам бұзушылығын анықтаған.